3.11.2026, 15:30
Оқылды: 17

Қазақстан жолдары цифрлық диагностикаға бет бұрады

JOLSAPA мен Жапонияның Aero Toyota Corporation компаниясы жол инфрақұрылымын диагностикалау саласында ынтымақтастық орнатты.

Post-36-5.jpg

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Жапонияның Aero Toyota Corporation компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстанның автомобиль жолдарын диагностикалау және жол инфрақұрылымын зерттеу жұмыстарына заманауи цифрлық технологияларды енгізу мүмкіндіктерін зерделеуге бағытталған.
Атап айтқанда, тараптар Mobile Mapping System (MMS) – мобильді картографиялау жүйесін Ұлттық орталықтың қызметіне енгізу әлеуетін қарастырады. Бұл технология жол инфрақұрылымы туралы кең көлемді деректерді жинауға, оларды цифрлық форматта өңдеуге және автомобиль жолдарының жай-күйін бағалау тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – жолдарды диагностикалау әдістерін жетілдіру, саладағы цифрландыру үдерісін дамыту және жол инфрақұрылымын зерттеу бағытында халықаралық тәжірибе алмасу.

Меморандум аясында жапондық компания Ұлттық орталыққа консультациялық қолдау көрсетеді. Соның ішінде MMS жүйесін Орталықтың өндірістік қызметіне ықтимал енгізу жөніндегі әдіснама мен техникалық талаптарды қамтитын егжей-тегжейлі ұсыныстар әзірлеу көзделген.
Бірлескен жұмыс барысында тараптар қажетті ақпаратпен алмасып, консультациялар өткізеді. Қажет болған жағдайда мобильді картографиялау жүйесінің техникалық мүмкіндіктері мен жұмыс істеу ерекшеліктерін таныстыру шаралары да ұйымдастырылады. Сонымен қатар жол инфрақұрылымын тексеру, диагностикалау және цифрландыру саласындағы озық халықаралық тәжірибені зерделеуге басымдық беріледі.
Консультациялық жұмыстар аяқталғаннан кейін Aero Toyota Corporation Ұлттық орталыққа MMS жүйесін қолдану әдіснамасы, техникалық сипаттамалары және оны енгізу мүмкіндіктеріне қатысты ұсыныстар қамтылған толық есеп ұсынады. Бұл құжат жүйені Қазақстан жағдайында одан әрі қолдану және енгізу жөніндегі шешімдерді қарастыруға негіз болмақ.

Post-36-7.jpg

Ынтымақтастық тек мобильді картографиялау жүйесін зерделеумен шектелмейді. Тараптар жол-құрылыс материалдарын қолдану сапасын арттыру, автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп-ұстау мәдениетін жетілдіру бағытында да бірлескен жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ жолдарды мониторингтеу, диагностикалау және паспорттау үдерістеріне цифрлық технологияларды енгізу, осы бағыттағы тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері де ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде айқындалған.
Жапониялық компаниямен орнатылған әріптестік Қазақстанның жол саласындағы заманауи технологияларды зерделеуге, халықаралық тәжірибені игеруге және жол инфрақұрылымын бағалау жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам болмақ.

 

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале