3.11.2026, 15:45
Оқылды: 16

«Қаладан ауылға»: Өңірлік тәжірибені республикалық деңгейге шығару ұсынылуда

i111

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық аумақтарды дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Президент: «Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз», – деп атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы барлық өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салу, елді мекендерге газ бен таза ауызсу жеткізу қажеттігін айтты. Бұл міндеттер ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, халықтың ауылдық жерлерде тұрақтап қалуына жағдай жасауды көздейді.

Осы бағыттағы нақты бастамалардың бірі – Батыс Қазақстан облысында өңір басшысы, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің ұйытқы болуымен жүзеге асырылып жатқан «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы.

Батыс Қазақстан облысы әкімі Н. Төреғалиевтің 2024 жылғы 12 қаңтардағы №8 қаулысымен бекітілген жоба қала тұрғындарын өз қалауларымен ауылдарға қоныстандыру арқылы агросекторда жұмыс күші тапшылығын азайту, ауылдық елді мекен тұрғындарын жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

Бұл ішкі көші-қон жобасына облыс орталығы Орал қаласында және Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында кемінде бес жыл тұрған азаматтар, сұранысқа ие мамандар, жұмыссыздар мен жұмыс іздеушілер, көпбалалы отбасылар қатыса алады. Аталмыш жоба басталғалы облыстың 60 ауылдық елді мекеніне 287 отбасы, яғни 1 436 адам қоныс аударды. Олардың 902-сі – балалар. Көшіп келген отбасылардың барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 210 отбасы тұрақты, 77 отбасы уақытша баспанаға орналастырылды. 313 адам жұмысқа орналасып, 5 азамат жеке кәсібін ашты. Ауылдарға қоныс аударушыларды тарту бойынша Казталов ауданы көш бастап келеді. Бұл ауданның аумағына 94 қалалық отбасы қоныс аударды. Атап айтқанда, Сарықұдық ауылына – 11, Көпкүтір ауылына 10 жанұя көшіп келді. Ал Бөрлі ауданының Успен ауылына 9 отбасы қоныстанды. Нәтижесінде 20-ға жуық мектептер жабылудан құтылды.

Батыс Қазақстан облысының бұл тәжірибесі өзге өңірлерге де ұсынылды. 2025 жылғы 13 наурызда Орал қаласында еліміздің 17 өңірінің мәслихат төрағаларының қатысуымен республикалық семинар ұйымдастырылып, қатысушылар жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Тәжірибе алмасу нәтижесінде бастама Абай облысында жалғасын тауып, 2026 жылдан бастап 715 адам ауылдық елді мекендерге қоныс аударған.

Бүгінде тілге тиек болып отырған жобаны республикалық деңгейде өрістету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында жинақталған тәжірибені еліміздің барлық өңірінде қолдану жөніндегі ұсыныс Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің комиссия отырысында көтеріліп, комиссия мүшелерінің назарына жеткізілді. Бұл бастаманы одан әрі пысықтап, республикалық деңгейде жүзеге асыру тетіктерін қарастыру жұмыстары жалғасуда.

«Қаладан ауылға» – жай ғана ішкі көші-қон жобасы емес. Бұл – ауылдарға жаңа отбасыларды тарту, еңбек әлеуетін арттыру, мектептерді сақтау, кәсіпкерлікті дамыту және ауылдардың болашағына жол ашу бастамасы.

Президент Жолдауында айқындалған ауылдық аумақтарды дамыту міндеттерімен үндесетін бұл тәжірибені республика көлемінде тарату – халқымыздың ұлт ретіндегі алтын тамыры - ауыл-аймақтың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

 

Мұрат Мұқаев,

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале