4.11.2026, 18:15
Оқылды: 6

Адам өмірі үшін асыққан азаматтар

Кейде өмірде аяқ астынан орын алған бір оқиға адамның жадында мәңгі сақталып қалады. Ал сол сәтте кездескен жандардың жасаған жақсылығы жүрегіңде ерекше орын алады. Бұл – менің басымнан өткен бір оқиға.

WhatsApp Image 2026-11

Қарашаның алғашқы күні. Кешкі уақыт. Кенеттен денсаулығым сыр беріп, демалуым қиындай бастады. Оның үстіне аяғым ауыр болғандықтан, жағдайымның күрделене түсуі алаңдаушылық туғызды. Амалсыздан жедел жәрдем шақыруға тура келді. Жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, мені шұғыл түрде ауруханаға алып шықты. Алайда қала көшелеріндегі көлік кептелісі уақытпен санасуға мүмкіндік бермеді. Әр минуттың маңызды екенін сезініп, ауруханаға тезірек жетуді ойлап келе жатқан сәтімізде, жол бойында екі полиция қызметкері жедел жәрдем көлігін тоқтатып, мән-жайды сұрады. Жағдайды түсіндірген жедел жәрдем қызметкерлерінің сөзін мұқият тыңдаған тәртіп сақшылары бірден жол бастап, сүйемелдеп жеткізуге дайын екендіктерін білдірді. Осылайша, екі полиция қызметкері жедел жәрдем көлігінің алдына түсіп, жолдағы көлік қозғалысын реттей отырып, бағдаршамдарға қарамастан қауіпсіз сүйемелдеумен ауруханаға дейін жеткізді. Тіпті, аурухана есігіне дейін кіруіне көмектесіп, науқастың жағдайына бейжай қарамайтындықтарын көрсетті.

Бұл оқиғада мені толқытқаны – олардың өз қызметтік міндетін ғана орындап қоймай, адам өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілікті терең сезіне білгені. Сол сәтте олардың әрбір әрекеті, шапшаң шешімі мен жанашырлығы біз үшін аса маңызды болды. Бұл азаматтар – Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары, полиция аға лейтенанттары Әділгереев Дәулет Ержанұлы, Қабденов Есболат Ақылбекұлы (М/Н 0640/07, борт №106).

Қоғамда өз ісіне адал, адам тағдырына бейжай қарамайтын осындай азаматтардың бар екенін көпшілік білуі керек деп ойлаймын. Полиция қызметкерінің еңбегі тек қоғамдық тәртіпті сақтаумен өлшенбейді. Кейде олардың бір сәтте қабылдаған шешімі бір адамның өміріндегі ең қиын кезеңде үлкен демеу болады. Халық арасында «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген дана сөз бар. Бұл жазбаны жариялаудағы мақсатым – біреуді мадақтау немесе марапат сұрау емес. Мақсатым – күнделікті қызмет барысында көзге көріне бермейтін, бірақ адам өмірі үшін маңызды сәттерде үлкен жауапкершілік танытатын азаматтарды көпшілікке таныту. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Осындай азаматтардың абыройы асқақтап, қызметтеріне сәттілік серік болсын!

Аида Есенаманқызы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале