6.11.2026, 15:00
Оқылды: 23

Шыңғырлаулық Бекет Тұрсынов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

image-06-11-26-11-33
Салтанатты марапаттау рәсімінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев марапат иелерін құттықтап, олардың ел игілігі жолындағы еселі еңбектеріне тоқталды.
Облыс басшысы өз сөзінде әр саланың дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ адал қызмет пен кәсіби біліктіліктің, жауапкершілік пен табандылықтың ел өркендеуіндегі маңызына тоқталып, бүгінгі марапат көп жылғы қажырлы еңбектің лайықты бағасы екенін жеткізді.
Мемлекеттік наградаға ие болғандардың қатарында Шыңғырлау ауданы, Қарағаш ауылының тумасы, елге жанашыр азамат, «Тұрсынов» шаруа қожалығының басшысы Бекет Тұрсынов та бар. Ол өңірдің дамуына қосқан үлесі мен ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Бұл марапат туған жердің өркендеуіне үлес қосып, өз кәсібін дөңгелетіп, ауыл шаруашылығының дамуына атсалысып жүрген азаматқа көрсетілген зор құрмет деп білеміз. Ендеше

«Ердің атын еңбек шығарар» демекші, өз ісінің нағыз шебері атанған осынау азаматтың жетістігі кейінгі ұрпаққа үлгі екені анық.

Туған өлкесіндегі түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге және қайырымдылық шараларына жиі демеушілік жасап тұратын жерлесіміз Бекет Тұрсыновты лайықты марапатымен құттықтаймыз.

Сара Әділ
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале