9.11.2026, 11:00
Оқылды: 2

Бәйтеректік Айбатыр Әлем чемпионы атанды

7-8 қарашада елордада кураш күресінен ХV әлем чемпионаты өтіп, оған 50-ден аса мемлекеттен 500-дей балуан қатысты. Ел намысын қорғаған 16 спортшының арасында бәйтеректік Айбатыр Миразат та бар.

image-09-11-26-10-24

ҚР Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі атап өткендей, спортшылар арасында іріктеу қатаң жүрді. Биылғы ел және Азия чемпионаттарынның нәтижесіне мән берілген.

2005 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген Айбатырдың алғашқы бапкері, өзінің әкесі Айбек Ишанов. Қазіргі бапкерлері қазақ күресі бойынша БҚО-ның аға жаттықтырушылары Қайрат Берсебаев пен Арман Келмұханов болып табылады.

Бала кезден қазақ күресімен айналысқан ол 2023 жылы Шымкентте өткен жастар арасындағы ел чемпионатынан қола медаль еншіледі. 2024 жылы Ақтөбеде өткен дәл осындай жарыста 2-орын алды. Сол жылы Оралда, содан соң Қостайнайда болған 23 жасқа дейінгі жастар арасында ел чемпионаттарында да жүлдегер атанды. Артынан Таразда өткен ересектер арасындағы ҚР кубогінің  екі дүркін жеңімпазы деп танылды.

Соңғы жылдары ол өзбек күресі – курашқа ден қойды. Биыл Түркістанда осы спорт түрінен ұйымдастырылған  ел чемпионатында топ жарды. Енді міне, әлем чемпионатында 60 келі салмақта ешкімге дес берген жоқ.

– Әлем чемпионатында ел намысын қорғау үшін боз кілемге шығатынымды естігенімде қатты қуандым. Артынан бұл маған артылған зор сенім, үлкен  жауапкершілік екенін сезіндім. Сол себепті уақытпен санаспай, жаттығулардан қалмай дайындалдым. Ата-анамның, туыстарымның қолдауының, бапкерлерімнің бағыт-бағдарларының, дайындығымның нәтижесінде мақсатыма жеттім, - дейді жас жерлесіміз.

WhatsApp Image 2026-11-09 at 11.56.43

Айта кетейік, Айбатыр былтыр М.Өтемісов атындағы БҚУ-ды «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Содан соң Шалғай ауылына спорт нұсқаушысы болып жұмысқа орналасып, қазір жемісті еңбек етіп келеді.

Гүлжан Серікқызы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале