13.11.2026, 17:00
Оқылды: 5

Қаржы тәртібі – жауапкершілік өлшемі

Қаржыгерлер күні қарсаңында мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына, бюджет тәртібінің сақталуына және қаржылық бақылау жүйесінің жетілуіне үлес қосып жүрген Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшелерімен аз-кем тілдескен едік. Олардың пікірінше, мемлекеттік аудиттің басты мақсаты – кемшілікті анықтаумен шектелмей, оның алдын алу, қаржы ресурстарын басқару сапасын арттыру және қоғам мүддесіне қызмет ету.

Сапиев Ерлан

Ерлан САПИЕВ, БҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі:

– Тексеру комиссиясындағы еңбек жолым 2012 жылы басталды. Талдау бөлімінің маманынан аппарат басшысына, одан әрі комиссия мүшесіне дейінгі қызмет жолымда мекеме жұмысының тереңіне үңіліп, мол тәжірибе жинақтадым. Экономика және бюджеттік жоспарлау саласындағы бұрынғы қызметім де мемлекеттік қаржыны басқару жүйесін тереңірек түсінуге ықпал етті. Өткен жылдарға ой жүгіртсем, әрбір қызметтің өзіндік ерекшелігі мен үйрететін сабағы болады екен. Талдау жұмысы кез келген мәселеге жан-жақты қараудың, деректерді мұқият зерделеудің және асығыс тұжырым жасамаудың маңызын ұғындырды. Кейде құжаттағы көрсеткіштер бір қарағанда күмән туғызбағанымен, оларды тереңірек үңіліп зерттегенде, мүлде басқа жағдай анықталуы мүмкін. Мұндай сәтте аудитордың кәсіби білімімен қатар, байыптылығы мен объективті көзқарасы ерекше рөл атқарады. Көп жылғы тәжірибем мемлекеттік аудиттің басты құндылығы анықталған бұзушылықтардың санында немесе көлемінде ғана емес екенін көрсетті. Ең маңыздысы – кемшіліктердің туындау себептерін анықтап, олардың қайталануына жол бермейтін нақты шешімдер ұсыну. Өйткені әрбір қорытындының артында мемлекеттік қаражаттың тағдыры, қабылданған басқарушылық шешімдер және қоғам мүддесі тұр.

Төл теңгеміз бен қаржыгерлер күні құтты болсын!

Қайрат Жапақов

Қайрат ЖАПАҚОВ, БҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі:

– Тексеру комиссиясында 12 жылдан бері қызмет етемін. Бұған дейін жергілікті атқарушы құрылымдарда, соның ішінде аудандық және облыстық деңгейлерде-гі мекемелерде қызмет еттім. Ал тексеру комиссиясындағы қызмет кәсіби тәжірибемді одан әрі шыңдап, мемлекеттік аудит саласының қыр-сырын тереңірек тануыма мүмкіндік берді. Аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде қабылданатын әрбір шешім өңірдің қаржылық тәртібі мен ашықтығына, әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді.

Соңғы жылдары Ақ Жайық өңірі өсіп-өркендеп, дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде инженерлік инфрақұрылым дамып, құрылыс саласы қарқын алды. Ауыл шаруашылығы саласы алға басып, кәсіпкерліктің өрісі кеңейді. Мұның бәрі – өңірде қолға алынған жобалардың жүйелі жүзеге асырылуының көрінісі. Осындай оң өзгерістердің баянды болуы қаржылық тәртіпке де байланысты.

Жалмұханов

Әділхан Жалмұханов, БҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі:

– Жалпы қаржы саласындағы еңбек өтілім – 19 жыл. 2014 жылы тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Жалпы мекеменің тарихын жылдармен немесе статистикалық көрсеткіштермен өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы тарихы осы мекемеде қызмет ететін адамдардың кәсіби ізденісімен, күнделікті еңбегімен сабақтас болуы тиіс.

Тексеру комиссиясының ұсынымдары мен қорытындылары негізінде қолданыстағы заңнамаға, нормативтік-құқықтық актілерге және өңірлік деңгейдегі бірқатар рәсімге өзгеріс енгізіліп отырды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қаржы жүйесіндегі ашықтық пен жауапкершілікті күшейтіп, бюджет қаражатын басқарудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға ықпал етті. Мемлекеттік аудиттің қорытындылары тек заң бұзушылықты анықтау құралы емес, мемлекеттік басқару сапасын жетілдіретін маңызды институт деп бағалаймын. Сондықтан да ел игілігі жолында, қаржы тәртібін сақтау жолында талмай қызмет етіп жүрген әріптестерімді мерекемен құттықтаймын!

Темірғалиев Нариман

Нариман ТЕМІРҒАЛИЕВ, БҚО бойынша тексеру комиссиясының мүшесі:

– Кәсіби қызметімді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында бастап, кейін мемлекеттік сатып алу, жоспарлау және мемлекеттік аудит бағыттарында еңбек еттім. Тексеру комиссиясында жинақтаған тәжірибемді облыстық деңгейде көлік және жол инфрақұрылымы саласында жалғастырдым. Тексеру комиссиясындағы қызметім мемлекеттік құрылымдардың қызметіне басқа қырынан қарауға мүмкіндік берді. Егер атқарушы құрылымда басты назар жүктелген міндеттің орындалуына аударылса, сыртқы мемлекеттік аудитте сол міндеттің қаншалықты негізді жоспарланғанын, заң талаптарының сақталғанын және қабылданған шешімдердің дұрыстығын бағалау маңызды.

Алдағы уақытта мемлекеттік аудиттің сапасын арттыру, жұмыс тәсілдерін жетілдіру және оның нәтижелерін тәжірибеде тиімді пайдалану бағытындағы міндеттер өзектілігін жоғалтпайды. Мемлекеттік қаржының әр теңгесі ел игілігіне жұмсалуы тиіс. Бұл – қаржыны жоспарлайтын, басқаратын және оның тиімділігін бақылайтын мамандарға ортақ міндет. Қаржы саласында еңбек етіп жүрген барша маманды және сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті, жауапты қызметтеріңіз абыройлы болсын!

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале