Бүгін Ақсай қаласындағы №4 жалпы орта білім беретін мектепте «Мектеп музейі: 10 жылдық белес» атты фестиваль өтті. Танымдық шараның басты мақсаты - мектеп музейлерінің он жылдық жұмысын қорытындылау, тарихи мұраларды дәріптеу және жас ұрпақтың өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру.

Фестиваль аясында аудан мектептерінің музейлері «Чемодандағы музей» атты көрме ұйымдастырып, көпшілік назарына тарихи жәдігерлер мен құнды экспонаттарды ұсынды. Көрме арқылы әр мектептің музей қорындағы ерекше дүниелер таныстырылып, өткен тарихтан сыр шертетін бұйымдар көпшілікке паш етілді.
Айта кетейік, бүгінде Бөрлі ауданындағы 24 мектепте музей жұмыс істейді. Олардың барлығы да паспортталған. Бұл көрсеткіш ауданымыздың облыс көлемінде мектеп музейлері ең көп шоғырланған өңір екенін көрсетеді. Әр мектеп музейі - туған өлкенің тарихын танытып, тарихи жәдігерлерді сақтауға және жас ұрпақтың бойында елжандылық қасиетті қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан рухани-танымдық орталық.

Шара барысында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Азамат Мамбетжанов пен облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Айгүл Қасимова сөз сөйлеп, мектеп музейлерінің он жылдық мерейтойымен құттықтады. Олар музейлердің өскелең ұрпаққа тарихи таным мен патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Айгүл Қадырбайқызы ардагер ұстаз Роза Ахметованы, музейтану бөлімінің меңгерушісі Ганима Сакимованы және Ақсай қаласындағы №4 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Гүлмира Сембиеваны Алғыс хатпен марапаттады.

Фестивальдің көркемдік бөлігінде №4 мектеп музейінің белсенді оқушылары дайындаған «Жанданған тарих» атты театрландырылған қойылым ұсынылды.
Шара соңында Жас туристер станциясының директоры Манас Хасанов мектептерде музейлердің ашылуына және қалыптасуына үлес қосқан ардагер ұстаз Роза Ахметованы, аудан мектептерінің музей жетекшілері мен белсенді оқушыларын түрлі аталымдар бойынша марапаттады.

Он жылдық тарихы бар мектеп музейлері - өткен мен бүгінді байланыстыратын, жас ұрпақтың бойына туған өлке тарихына деген құрметті қалыптастыратын тағылымды тәрбие орталығы. Ал осындай фестивальдер тарихи мұраны сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізудің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы