Тарих сөресінде шаң басып жатқан туындыны көрермен алдына алып шыққан — режиссер Назерке Сауырбаева.

Қойылымның қоғамға айтары көп. Ауғандағы от пен оқтың ортасынан келген Ерғара сүйгені Ақбаламен сырласып тұрады. Ғашықтардың мақпал сезімінің пердесін кенет жолыққан көше бұзақылары жыртады. Олар жігітті соққыға жығады, ал ару зорлықтың құрбаны болады. Ерғара есін жиып, ызаға булығады. Үйіне іздеп барып, қосауызымен қаніпезерді атады. Қылмыскерді өз жазасына тартады. Оқ тигенмен, өлмейді. Ауыл у-шу. Ақыры өзі де, қиянатшылар да торға қамалады. Әрі қарай «күштінің құйрығы диірмен тартадының» кері. Пара тергеушінің папкасын басқаша сөйлетеді. Ерғара тағы да әділетсіздіктің құрбаны болады.
Оқиға осындай қайғылы нотада жалғаса берер еді, әке Мүсірәлінің сөзі болмағанда. “Арың үшін жасасаң, неге езілесің?!” - деп қайрайды ұлын.
Доцент, филология ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың профессоры, Сырым ауданының құрметті азаматы Зейнолла Мүтиев Мұқадестің көтерген проблемалары қазақ қоғамында әлі де барын айтады.
- Жазушының шығармашылығын біздің университет талдап, ғылыми айналымға шығарды. Өзімнің ойым, Мұқадестің “Әйтеке биі” мемлекеттік сыйлыққа лайық! Ол заман тынысын сезген жазушы. Кейіпкерлерінің прототиптері әлі ортамызда жүр, - деген ғалым Мұқадеске естелік кітап шығару және “Әйтеке би” романының үзіндісін мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс айтты.
Премьераға «Парасат» орденінің иегері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Дариға Мұштанова жоғары баға беріп, Жымпиты халық театрына Жазушылар филиалы атынан алғысхат ұсынды.
Қойылым аяқталып, ел тарады. Бірақ, халықтың құлағында Ерғараның сөзі жаңғырып бара жатты:
- Шындықты қорғаңдар!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы