Бүгін, 14 қарашада Дүниежүзілік диабетпен күрес күні атап өтіліп жатыр, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Фото: pixabay.com
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазіргі таңда әлемде 800 миллионнан астам ересек адам осы аурумен өмір сүреді. Ал Қазақстанда аталған диагнозбен 575 мыңнан астам азамат тіркеуде тұр, оның ішінде 30 мыңға жуығы 1-типті қант диабетімен ауырады.
Елімізде бұл дертті ерте сатыда анықтау мақсатында 40-76 жас аралығындағы тұрғындар үшін тегін профилактикалық тексерулер жүйесі кеңейтілді. Мәселен, биылғы жылдың тоғыз айында 1,6 миллионнан астам адам скринингтен өтіп, 32 мыңға жуық жаңа жағдай анықталды. Сонымен қатар мемлекет есебінен науқастарға қажетті инсулиндік препараттар, тест-жолақтар, глюкометрлер мен помпалар толықтай тегін беріледі. Бұл мақсатқа биыл Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 60,4 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған.