Жуырда ХХІІ «Астана – Мерей» халықаралық орындаушылар конкурсы өтіп, өнер додасында еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген жас таланттар өзара бақ сынады.

Байқаудың «Домбыра» номинациясы бойынша 10-12 жас аралығындағы 54 қатысушының арасынан суырылып шыққан Нұрғиса Мұхитұлы І орынды иеленіп, мерейі үстем болды. Бес күнге созылған халықаралық байқауда жас домбырашы өзінің орындаушылық шеберлігін, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін және сахнадағы сенімділігін көрсете білді. Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған Нұрғиса осылайша тағы бір белесті бағындырып, туған жерінің абыройын асқақтатты.
Жеңіс – тынымсыз дайындық пен табанды еңбектің жемісі. Әрбір жетістігінің артында бағыт-бағдар беріп, өнер жолына баулыған ұстазының еңбегі жатқанын жақсы түсінетін жас өнерпаз өмірде де, өнерде де өзіне қолдау көрсетіп келе жатқан ұстазы Амангүлге ерекше алғысын білдіреді.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы