16.11.2026, 14:30
Оқылды: 5

Теректі ауданында Азаматтық қорғаныс нысандары салынуда

Теректі ауданының аумағында, Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай маңында азаматтық қорғаныс нысандары бой көтеруде. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, - деп жазады Батыс Қазақстан облысының әкімдігі.

2bddb92bef5ed7b20b90dd03cffe368e8de2ce5639b51bb329891a72e7fe922f_1280x720

Жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 3,4 гектар аумақта әуе көліктеріне арналған әмбебап ангар мен өрт сөндіру бекеті салынуда.

Ангар МИ-8 тікұшағын орналастыруға арналған. Мұнда әуе көлігіне техникалық қызмет көрсету аймағы, кезекші экипаждың тұрмыстық және қызметтік бөлмелері болады. Ал өрт сөндіру бекеті бес арнайы техникаға лайықталған. Сондай-ақ кешен аумағында құтқарушылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге арналған жаттығу алаңдары қарастырылған.

5549f1386b63d53a46fa146ecc8fcadb8ce0a288cc4e4dcdb16aedbe7790f682_1280x720

Бүгінде құрылыс жұмыстары 25 пайызға орындалды. Қажетті инженерлік инфрақұрылым – су, газ және электр желілері толық тартылған. Қазіргі уақытта металл конструкциялар монтаждалып, резервуарларды гидрооқшаулау жүргізілуде. Биылғы тамызда басталған құрылысты 2027 жылдың сәуірінде аяқтау жоспарланған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азаматтық қорғау жүйесін жетілдіруге, құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеміз. Бұл кешен өңірімізде төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге және шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл нысандар сапалы салынып, белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс, – деді Нариман Төреғалиев.

Айта кетейік, кейінгі 3 жылда облыс әкімдігі тарапынан өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сала мамандарының жұмыс жағдайын жақсартуға жергілікті бюджеттен 4 млрд 530 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы кезеңде 43 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды.

0113c2444d27e1ccd146d94ce7d16df75642c5d72c731deb18414d86eadc0f3a_1280x720

Бұдан бөлек, «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында 19 бекет ашылды. Жыл соңына дейін тағы 7-еуін іске қосу көзделген. Сондай-ақ Шыңғырлау ауданында құны 400 млн теңгені құрайтын өрт сөндіру бекеті пайдалануға беріледі.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале