Облыс әкімдігі бекіткен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жоспары аясында Орал қаласында бірлескен профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Оған жергілікті атқарушы орган өкілдері, облыстық төтенше жағдайлар, полиция департаменттерінің қызметкерлері, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мамандары мен ерікті жастар қатысты. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ресми сайты жазды.

Рейдке шыққандар тұрғын үйлерге 30 өрт және улы газ датчигі орнатты. Сондай-ақ 100-ден астам азаматқа жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелері мен төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібін түсіндірді.
Өңірде жылыту маусымы басталғалы 25 280 тұрғын үй араланып, 49 410 азаматқа өрт қауіпсіздігі жаднамалары таратылды. Әсіресе, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілді. Бүгінге дейін аталған санаттағы 581 отбасымен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, олардың үйлеріне улы газды анықтайтын 435 датчик тегін орнатылды. Он күннің ішінде қалған 146 құрылғы қойылады.

Мұндай рейдтер жылыту кезеңінде тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға, өрт пен улы газдан улану қаупін азайтуға бағытталған. Алдын алу және түсіндіру шаралары облыс аумағында жүйелі түрде жалғасады.