Тасқала ауданының тұрғынына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында сол жақ тізе буынын эндопротездеу отасы тегін жасалды. Көп жылдан бері аяқ ауруына шағымданып, өздігінен жүріп-тұруы қиындаған зейнеткер отадан кейін қайтадан аяққа тұрған.

«2017 жылдан бастап аяғым ауыра бастады. Уақыт өте келе жүруім қиындап, тіпті өздігінен қозғалу мүмкін болмай қалды. 2025 жылы аудандық аурухананың жолдамасымен облыстық көпбейінді ауруханаға барып, травматолог дәрігерге қаралдым. МРТ-дан өтіп, қажетті тексерулерден өттім. Кейін порталға тіркеліп, барлық қажетті талдауларды тапсырдым. Медициналық қызметтердің барлығы МӘМС есебінен тегін көрсетілді. Отаға дейін мүлде жүре алмайтын едім, ал операциядан кейін екінші күні-ақ аяғыма тұрдым. Қазір жағдайым әлдеқайда жақсы», – дейді Тасқала ауданының тұрғыны.
Тасқала аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігері Жангүл Мұқашеваның айтуынша, пациентке МӘМС жүйесі аясында сол жақ тізе буынын эндопротездеу отасы жасалып, операция сәтті аяқталған. Одан кейін науқас оңалту курсынан өткен. «Науқасқа қажетті медициналық көмек кезең-кезеңімен көрсетілді. Аудандық аурухана арқылы бейінді маманға жолдама беріліп, облыстық деңгейде қажетті тексерулер мен хирургиялық ем жүргізілді. Отадан кейін оңалту шаралары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсарған.
МӘМС жүйесінің артықшылығы – азаматтар медициналық көрсетілімдер болған жағдайда бейінді мамандардың кеңесін алып, қажетті диагностикалық тексерулерден өтіп, күрделі оталарды да МӘМС есебінен тегін жасата алады. Сонымен қатар емнен кейінгі оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік бар», – дейді дәрігер Жангүл Мұқашева.
Айта кетейік, МӘМС жүйесі аясында тізе және жамбас буындарын эндопротездеу оталары медициналық көрсетілімдерге сәйкес жүргізіледі. Бұл қызметтер сақтандырылған азаматтарға қолжетімді.
Сымбат Қыпшақбай
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Батыс Қазақстан облыстық филиалының бас сарапшысы