Қазақстанда пайдаланылмай жатқан, сондай-ақ заңнама талаптары сақталмай игеріліп жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда, - деп жазады Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Сурет: zhaikpress.kz сайтынан
Биылғы жылдың басынан бері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді, ол 1 млн гектардан астам аумақты қамтыды.
Нәтижесінде 1,3 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Басты міндет – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарумен шектелмей, оларды кейіннен ауыл шаруашылығы айналымына енгізу.
Бұл жұмыс ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге, сондай-ақ аграрлық өндірісті дамыту үшін қосымша жер ресурстарын ұсынуға бағытталған.
2026 жылғы қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша елімізде қайта бөлінген жерлердің жалпы көлемі 13,5 млн гектарды құрады. Оның 5,5 млн гектары ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және ортақ пайдаланылатын жайылым тапшылығын шешу мақсатында жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілді. Ал 8 млн гектар жер агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне ауыл шаруашылығы қызметін жүргізу және кеңейту үшін конкурс негізінде ұсынылды.
Жер заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтумен қатар, жерді адал әрі тиімді пайдаланатын жер пайдаланушылар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында да шаралар қабылдануда. Арнайы құрылған жұмыс тобы жер пайдаланушылардың адалдығын бағалаудың бірыңғай өлшемшарттарын белгілеуді, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдерін нақты реттеуді, сондай-ақ жер учаскелеріне құқықтарды ұзарту рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін әдістемелік ұсынымдарды бекітті.
Жер қатынастарын жетілдірудегі маңызды кезеңдердің бірі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру тетігін цифрландыру.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жер учаскелерін бөлу электрондық форматта жүзеге асырылады. Цифрлық платформа арқылы өткізілетін конкурстар рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, адами фактордың ықпалын барынша азайтады. Сонымен қатар қолданыстағы жер комиссияларының жұмыс тетігінен бас тартуға мүмкіндік береді.
Жаңа тетіктерді ресми іске қосқанға дейін жаңартылған цифрлық платформа Ақмола облысы мен Жетісу облысында пилоттық жоба аясында кешенді сынақтан өткізіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, оларды тиімді қайта бөлу және мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырады. Қабылданып жатқан шаралар жер ресурстарына әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге, пайдалану тиімділігін арттыруға және еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталған.