17 қараша – Халықаралық студенттер күні
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жастардың Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім алып жүргені туралы жиі естиміз. Солардың қатарында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті де шетелдік талапкерлердің қызығушылығын тудырып, білім іздеген жастардың таңдаулы оқу орындарының біріне айналып келеді.

Сурет: wikimedia.org
Бүгінде Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ халықаралық білім кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастырып келеді. Университетте білім алып жүрген шетелдік студенттер бұған дәлел. Атап айтқанда, БҚАТУ-ды таңдаған Гана, Ливия, Қытай, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей Федерациясы және Украина-дан келген жастар отандық білім беру жүйесімен танысып, болашақ мамандықтарын меңгеруде. «Жақсыны көрмекке» дегендей, шетелдік студенттермен пікірлесу мақсатында Жәңгір хан атындағы университетке бардық. Бізді алдымен университеттің Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің маманы Салтанат Иманғалиева қарсы алып, осы бөлімнің тыныс-тіршілігі жайында әңгімеледі.
– Жәңгір хан атындағы БҚАТУ туралы шетелдіктер әлеуметтік желілерден, университет сайтынан оқып танысады екен. Оқу ордасының ресми желі кеңістігі үш тілде жұмыс істейді. Шетелдік студенттердің 90-95 пайызға жуығы күндізгі бөлімде, яғни университетке аяқтай келіп оқып жүр. Ал қалған пайызы қашықтан оқуда. Оқу үдерісі кезінде университет студенттерді жатақханамен қамтамасыз етеді. Жатақхананы жалдау арзан. Ал шетелден келген жастар университет жатақханасында бір жыл тегін тұрады. Дәл солай алғашқы курсты да ақысыз оқиды. Тоғыз айға берілетін оқу визасы негізінде алаңсыз білім алады. Осы күнде өзге мемлекеттерден келген 15 студент бар. Олар түрлі мамандықты таңдады. Мал дәрігерлігі, агрономия, химиялық инженерия және процестер мамандықтары сұраныста.
Университеттегі Халықаралық ынтымақтастық бөлімі шетелдік талапкерлерді қабылдап қоймай, өңірдегі жастарды да өзге мемлекеттегі білім ордаларына оқуға және машыққа жолдайды. Студенттер бір семестр Венгрия, Польша елдеріне практикалық оқудан өтсе, көктемнің мамыры мен жаздың үш айында Германияда машықтан өтіп, қосымша ақы табуға мүмкіндік беріледі. жыл сайын ақпанда Германиядан арнайы комиссия келеді. Олар оқу үлгерімі жоғары студенттерді қабылдап, әңгімелеседі. 20-ға жуық бі-лім алушыны анықтаған соң, оларға екі ай бойы неміс тілін үйретеді. Кейін көктемнің соңында комиссия өкілдері сапар жоспарын құрып, тәжірибесін шыңдау үшін таңдалған студенттерді алып кетеді. Оқу аяқталысымен білім алушылар арнайы сертификаттарды еншілеп, БҚАТУ-да одан әрі білімін жалғастырады, – деп университеттің мүмкіншіліктерін қоса айтты Салтанат Нұрғалиқызы.

Гана мемлекетінен келген 26 жастағы Адамс Аду-Гьямфи (суретте) Жәңгір хан университетінде мал дәрігерлігі мамандығында білім алуда. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы саласына қажет осы мамандықты игеру үшін Қазақстанды таңдаған. Алдымен еліміздің Астана, Қостанай, Орал қалаларындағы университеттерді жіті зерттеп көрген. Әлеуметтік желілер арқылы аталған үш шаһарда орналасқан университеттердің шетел студенттеріне берілетін мүмкіндіктерін де шолып көрген. Кейін жақындарының кеңесін тыңдап, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды таңдаған. Орал шағын қала болғанымен, өзіндік ерекше мәдениеті, әдемі табиғаты, тарихи кезеңдерде кірпіші қаланған ғимараттары алғаш келгенде-ақ қатты баурап алғанын тілге тиек етті студент Адамс.
– Мен кішкентай кезімнен жануарларға көмектескенді ұнатамын. Сол себепті де мал дәрігерлігі мамандығын қаладым. Қазақстанға оқуға түсу туралы шешімді бірінші ата-анама айттым. Гана астанасы Аккра қаласының солтүстік-шығыс бөлігіндегі Легон ауданында университет бар. Ганадағы басты білім ордасы болып есептелінетін осы университет мал дәрігерлігіне оқытады. Бірақ мен әлем елдерінің мәдениетін, тарихын көзбен көргім келді. Қазақстанға бару да бұрыннан ойда жүрген. Мұндағы ауа райына бейімделу сәл қиынға түскені бар, дегенмен өзім құралпы білім алып жүрген қазақ жастары мені жылы қабылдады. Өзім орыс тілін жақсы деңгейде меңгергенмін. Қазақ достарымның отбасы өте қонақжай. Шаңырақтарына жиі барып тұрамын. Мен үшін бауырсақ тағамы ерекше жаңалық болды. Дастарқанға отырғанда «Ас болсын!» деген сөз үнемі айтылады. Осы сөз құлағымда жатталып қалды, мен де ауқаттанған кезде достарыма айтып жүремін. Қазақ тілін біртіндеп үйренудемін, – деді ганалық студент.
Бірінші топтың студенті Адамс – бес тілдің білгірі. Соның ішінде ағылшын тілін «шебер» деңгейде меңгерген. Бос уақытында спортпен шұғылданғанды, футбол ойнағанды ұнатады. Ресейдің Краснодар қаласындағы Кубань мемлекеттік технологиялық университетінде үздік футболшы атанған «АФЛ Краснодар» турнирінің бірнеше рет жүлдегері болып, рекордшы сұрмергені атанған.

РФ-ның Орынбор қаласынан келген Нейля Сайнова (суретте) БҚАТУ-да қаржы талдаушысы мамандығын игеруде. Өзінің туған қаласында бұрын медицина саласында оқыған. Дегенмен бұл салаға көңілі тартпай, интернет желісі арқылы Оралдағы Жәңгір хан атындағы университетті таңдап, құжаттарын тапсырған. Студенттің сөзінше, Орал қаласына бейімделу үшін оған бір жылға жуық уақыт өткен. Қаланы аралап, мұндағы мәдени нысандарды танып-білген Нейля қазір Орал сүйікті шаһарына айналғанын айтты.
– Бір түсінгенім, қазақ тілі – қолданыс аясы кең, бай тіл. Мәселен, бір ғана алма деген бірнеше мағына үстейді. Біріншісі жеміс атауы болса, қозғама, тиме деген мағынада қоса айтыла береді. Қызығы – әлдебір атаулар бір кезде алуан мағына берсе, бір кезде екі сөз бірігіп бір мағынаны білдіреді. Балмұздақ деген де екі сөздің қосындысынан құралыпты. Қазақ тілін тілдесу деңгейінде үйрендім. Дегенмен түрлі мағына беретін сөздер айтылғанда түсінбей, кідіріп қалатыным жасырын емес. Орынбордағы өз үйімде жүргенде анам қазақтың ұлттық тағамы ас пен бауырсақты жиі дайындайды. Бір-бірімен іргелес жатқан қос қала ғой, сол секілді мәдениеті де аса таңсық емес. Маған Оралдағы Н. Островский атындағы орыс драма театры, «Атамекен» өнер ордасы, қалалық мәдениет және демалыс саябағы қатты ұнайды. Демалыс күндері мәдени орындарға шығып, тынығып тұрамын, – дейді Нейля Махмутовна.

Білім іздеп, шекара асып келген келесі кейіпкеріміз – Қытайдың Алтай өңірінен шыққан этникалық қазақ Саниа Санатбек (суретте). Тілі мен діні, салт-дәстүрі ортақ қазақ елінде білім алуды таңдаған ол бүгінде Жәңгір хан атындағы университеттің мал дәрігерлігі мамандығы бойынша оқиды. Санианың отбасы фермада жылқы шаруашылығымен айналысады. Сол себепті де ол осы мамандыққа аңсары ауып, кейін әкесіне жәрдемдесуді қалайды. Саниа Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент қалалары Қытайға жақын екенін жақсы біледі. Орал да осы қалалар секілді Алтай өңірімен шекаралас деп ойлап, оқуға онлайн түрде құжаттарын рәсімдеген. Алайда бұл қаланың өзі ойлағандай жақын емес екенін алғашқы сапарында аңғарған.
– Қытайдағы Тарим университеті ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша мамандар даярлайды. Дегенмен менің отбасым біздің түбіміз қазақ екенін айтып, осында оқуға түсуге кеңес берді. Себебі әкем қазақ халқының мәдениетін, рухани болмысын Қазақстанда ғана сезіне аласың деді. Тарим университетінде Ғұнымгүл Мұхатай есімді апам профессор болып еңбек етеді. Менің әкеммен сөйлесіп, Жәңгір хан атындағы университетке де жолдаған осы кісі еді. Өзім этникалық қазақ болғасын тілді меңгеру, қазақ достарыммен түсінісу қиынға соқпады. Мен өскен ортада қазақ тілі араб графикасына негізделген төте жазумен жазылады. Яғни біз үйренген жазу оңнан солға қарай өріледі. Қазіргі қолданыстағы солдан оңға қарай жазуға оқытушыларымның үйретуімен бейімделдім. Қазақ тіліндегі кітапты да алғашында ежіктеп оқып, топтастарымнан қалып қоя беретін ем. Университет оқытушылары маған түсіністік танытты. Сөйтіп, ептеп кітапты тез оқуға машықтандым. Алтай қазақтары Наурыз тойын туыстары мен дос-жарандары арасында атап өтеді. Ал Қазақстанда осы ұлттық мейрам кең көлемде тойланады екен. Наурыз тойын Орал қаласында қарсы алу мен үшін өз ұлтымның мәдениетін тереңнен тануға мүмкіндік берді. Алтыбақан теуіп, түйеге міндім. Айналадағы барша жұрт ұлттық нақыштағы киімдер киіп, ұлттық әндер шырқады. Жыл сайын дәстүлі түрде өтетін көктем тойын асыға күтіп жүрмін. Бір топта оқитын құрбыларым демалыс күндері мені ауылдарына ертіп апарады. Жақында ғана Бәйтерек ауданының Достық ауылына барып келдім. Орал қаласында тарихи ғимараттар көп, әрі мұндағы адамдардың қарым-қатынасы ерекше. Болашақта Алтай өңіріне таяу Қазақстанның қаласында жұмыс істегім келеді, – дейді Алтай аруы.

Университет түлектері қаншалықты жұмыспен қамтылуда, олар машықтан өту кезінде қандай кәсіпорындарға барып, білімін шыңдайды? Біз Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дағы мансап және
бизнес-серіктестік орталығының директоры Ақылбек Нұрғалиевпен (суретте) жүздесіп, оған осы сұрақтарды қойдық.
– Білім алушылар мен түлектерді нарықтық экономика жағдайында жұмысқа орналастыру, жас мамандардың дамуы мен кәсіби өсуін қамтамасыз ету – орталық жұмысының негізгі бағыты. Осыған байланысты университеттің серіктестерін көбейтіп, кәсіптік практика ұйымдастыру іс-шараларын жүргізіп отырмыз. 2025-2026 оқу жылы ішінде ынтымақтастық туралы 33 меморандумға және кәсіптік практиканы (тағылымдаманы) өткізуге арналған 604, дуальды оқыту бойынша 18 келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде «ҚПО б.в.», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «ОралАгроРемМаш», «Стекло-сервис», «Орал трансформатор зауыты», «Зенит» зауыты, «Белес агро», «ДСК Приоритет», «Кублей», «Батыс Қазақстан құрылыс материалдарының корпорациясы» секілді компанияларды атап өтуге болады. Өңірдегі кәсіпорындармен жүйелі байланыстың нәтижесінде студенттер машықтан өту кезінде зауыттарға барып, шеберліктерін шыңдайды. Сондай-ақ әр мекеме өзіне қажет мамандық игерген түлектерді де жұмыспен қамтып отыр. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 80 пайыздан асады, – деді орталық директоры.
Қорыта айтқанда, бүгінде Жәңгір хан университеті әлемнің әр түкпірінен келген жастардың басын қосып, олардың сапалы білім алуына жол ашып отыр. Ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін білім ордасында тоғысқан жастардың ортақ мақсаты – білікті маман атанып, болашаққа нық қадам басу.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»