Ақжайық ауданы әкімі Мұрат Сердалин еңбек жолында аудан дамуына, білім мен тәрбие саласына үлес қосқан бірқатар еңбек ардагерін қабылдады. Кездесуде Әлия Азенова, Марат Әбдуғажиев және Айжан Нысанбаеваға құрмет көрсетіліп, олардың көпжылдық еңбегі мен кәсіби жолы атап өтілді.

Әлия Қабдолқызы Азенова 1956 жылғы 17 қарашада Фурманов ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, кейін кітапхана, саяси ағарту кабинеті, аудандық әкімшілік, ішкі істер бөлімі, оқу бөлімі және салық комитетінде әр жылдары қызмет атқарған. Ол ұзақ жылдар бойы ауданның қоғамдық және әлеуметтік салаларында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.

Марат Құдесұлы Әбдуғажиев 1963 жылғы 18 қарашада Бірінші май ауылында дүниеге келген. А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітірген соң, еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Бітік орта мектебінде мұғалім, кейін мектеп директоры болды. Сондай-ақ аудандық білім және спорт бөлімін, аудандық кешкі жалпы білім беретін орта мектепті және Жаңақала ауданының білім беру бөлімін басқарды. Кейін түрлі мекемелерде еңбек етіп, 2023 жылдан бері Ақжайық ауданының Мансап орталығында бас маман қызметін атқарып келеді.
Айжан Ғибатоллақызы Нысанбаева 1966 жылғы 16 қарашада Чапаев ауылында дүниеге келген. Орск қаласындағы Т. Шевченко атындағы педагогикалық институтын тәмамдап, еңбек жолын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Ұстаздық қызметпен қатар мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Абай атындағы мектеп-гимназиясында ұстаздық етеді. Еңбегі бірқатар аудандық, облыстық және республикалық марапаттармен бағаланған.
Кездесуде аудан әкімі Мұрат Сердалин мерейгерлерге ізгі тілегін білдіріп, адал еңбектің кейінгі олардың жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен адал еңбегі кейінгі буын үшін өнеге екенін атап өтті. Сондай-ақ өзінің алғыс хаты мен сый-сыяпат табыстады.

Мерейжас иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев, сондай-ақ мерейгерлердің әріптестері болды.
Аида Асылбек
Ақжайық ауданы