23.11.2026, 17:30
Оқылды: 9

М. Мәметова музейінде «Ерлігі елге үлгі» атты көрме ашылды

Биыл – соғыс және еңбек ардагері, «Қызыл Ту», екі рет «Қызыл Жұлдыз», үш рет І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған Социалистік Еңбек Ері Ерғали Дауымовтың туғанына 115 жыл. Соған орай М. Мәметова музейінде «Ерлігі елге үлгі» атты еске алу кеші мен көрменің ашылуы өтті. 

53d22ce8-f610-4358-95db-10de49aec137

Іс-шараға Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ, ардагерлер кеңесінің мүшелері, майдангердің туыстары мен студенттер қатысты.

Соғыс жылдарында ортақ Отанды қорғау үшін қазақтың ұл-қыздары қолдарына қару алып, майдан даласында ерлік көрсетті. Олар Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосып, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін танытты. Солардың қатарында соғыс және еңбек ардагері Ерғали Дауымов та бар. Ол майдан шебінде жаумен шайқасып қана қоймай, бейбіт өмірде де адал еңбегімен ел құрметіне бөленген тұлға ретінде тарихта қалды. Ерғали Дауымов 1911 жылғы 15 қазанда Сырым ауданындағы Шідерті ауылында дүниеге келген. Ол – соғыс және еңбек ардагері, шаруашылық ұйымдастырушысы. 1927 жылы Жымпитыдағы орыс мектебін, 1937 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген. Еңбек жолын Батыс Қазақстан облысының бұрынғы Фурманов ауданындағы «Қызыл партизан» кеңшарында аға зоотехник болып бастаған. Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыстан кейін облыстық шаруашылық және білім беру салаларында қызмет атқарып, 1953 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының оқытушылар құрамына қабылданды. 1954 жылы Жамбыл облысының Мерке ауданындағы «Қазақстан» ұжымшарының басқарма бастығы болып тағайындалды. Оның қажырлы еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында шаруашылық озат ұжымдардың қатарына қосылып, 1957 жылы Ерғали Дауымовқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Көрмеге Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің қорында сақталған соғыс және еңбек ардагерінің өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар қойылып, көрермен назарына ұсынылды. Бірінші сөреден ардагердің өмірбаяны мен фотосуретін көруге болса, екінші сөреге майдангердің марапат құжаттары мен мерзімді басылымда жарияланған мақаласы орналастырылған.

Жиында ардагер журналист Ғайсағали Сейтақ майдангер туралы қалам тербегенін айтып өтті.

– Батыр атағын алмаған қаншама майдангеріміз бар. Соның ішінде Ерғали атамыз да бар. Ерғали Дауымов батыр атағына ұсынылғанымен, бұл марапатқа ие бола алмады. Алайда құжатқа, неге екені белгісіз, гербісі бар мөр басылмағандықтан, ол полк штабына қайта шақырту алады. Сол сәтте дивизия командирі, генерал-майор Курковскийден «Барлық командир орындарында болсын» деген бұйрық түсіп, Ерғали Дауымов өз орнында қалуына тура келеді. 1945 жылы мамырда Берлинге шабуыл кезінде бригада командирі, генерал Колесников атаққа ұсынылғанына екі ай өтіп кеткенін, марапатты алуға кеш қалғанын хабарлайды.

Осылайша батыр атағына ұсынылғаны туралы құжат естелік ретінде қайтарылады. Майдандағы ерлігі жоғары марапатқа ұсынылғанымен, батыр атағын ала алмауы – тарихтың ойлантатын тұстарының бірі. Соғыстан кейін ұрпақтары ардагердің ерлігін лайықты бағалатуда жоғары жаққа өтініш жолдауды ұсынған. Алайда Ерғали Дауымовтың өзі бұл бастамаға келісім бермеген. Дегенмен ел үшін еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ерен еңбегі мен қажырлы қызметінің арқасында оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл – майданда да, бейбіт өмірде де ел мүддесін бәрінен биік қойған азаматтың еңбегіне берілген лайықты баға, – деді Ғайсағали Сейтақ.

Майдангерді еске алу кешінде Оқушылар сарайындағы «Атамұра» домбыра үйірмесінің жас домбырашылары «Ерке сылқым» күйін шертіп, лед-экраннан онлайн сипатта әр ауданның оқушылары өлеңдер оқыды. Іс-шара соңында майдангердің туыстары естеліктерін бөлісіп, музей қызметкерлеріне алғыс айтты.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале