Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана «Өлке қаламгерлерінің шығармашылығы – брайль қарпінде» жобасы аясында іс-шара ұйымдастырды. Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, ақын Абдул Рахметовтің «Белес» кітабы нүктелі-бедерлі қаріпте, сонымен қоса аудиосипатта жарық көрді. Соған орай кітапты көз мүгедектігі бар оқырмандарға таныстыру мақсатында аутордың қатысуымен «Белес» – жырға айналған сыр» атты кеш өтті.

Оған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қатимолла Бердіғалиев, ақын-ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева, ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Талап Таймасұлы мен Мұнайдар Балмолда қатысты. Сондай-ақ облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медет Мерғалиев, «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Мұрат
Қадырбеков, осы бірлестікке қарасты Орал оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры Ибатолла Хамзин мен №1 облыстық арнайы мектеп интернаты директорының орынбасары Айболат Қожанғалиев кеште қонақ болды.
«Белес» жыр жинағы – Абдул Рахметовтің 2026 жылы жарық көрген кітабы. Кітапқа ақынның туған жері, жастық шағы туралы туындылары енген. Брайль қарпіне аударылған 117 өлең екі кітап болып жарық көрді. Неге екі кітапқа бөлінген десеңіз, брайль қарпінде кітап шығару ережесі бойынша бір кітаптағы бет саны 160-170 беттен аспауы қажет. Себебі саусақпен сезініп оқитын оқырманға ыңғайлы болуы шарт. Одан бөлек бұл кітапқа үш айға жуық уақыт кетті. Ал облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың дыбыс жазу студиясында аудионұсқасын дайындауға 1 сағат 50 минут жұмсалды. Сондай-ақ мұнда ақынның өз дауысымен жазылған екі өлеңі де енді.

– «Белес» кітабымның таныстырылымын облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана ұжымы ерекше ықыласпен, жоғары деңгейде ұйымдастырып отыр. Бұл – мен үшін жай ғана кітап таныстырылымы емес, ақындық жолымдағы айрықша қуаныш, үлкен мәртебе әрі жүрекке жылу сыйлаған сәт. Іс-шарада оқырмандар өлеңдеріммен бұрыннан таныс екенін айтып, ақжарма тілектерін арнап жатқаны көңілімді толқытты. Ақын үшін жүрекке жеткен жырынан, оқырманның өз үнін естуінен артық қандай бақыт бар?! Өлеңіңнің өзіңнің өзегіңнен шығып, өзгенің жүрегіне жол табуы – шығармашылықтың ең үлкен сыйы, ең шынайы бағасы шығар?! Жырдың ғұмыры – оқырманның жүрегінде. Ал сол жырды көзбен ғана емес, жүрекпен сезінуге жол ашып, рухани әлемге дәнекер болған осындай игілікті істің басы-қасында жүрген жандарға алғысым шексіз. Оқырман мен қаламгер арасындағы рухани көпірді нығайтып, әдебиетке деген құрметті арттыра беріңіздер, – деді ақын Абдул Рахметов.
Кеште оқырмандар «Белес» жыр жинағының арнаулы сипаттағы нұсқаларымен танысып, аудиокітаптан үзінді тыңдады. Кітаптың мазмұны, ақын шығармашылығы жайында кеш иесімен сұхбат өрбіді. Ақын сөзіне жазылған әндерден «Жыр жаңғырығы» атты музыкалық топтама ұсынылып, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония әртістері өнер көрсетті.
Рухани кеште №1 облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушылары, М. Өтемісов атындағы БҚУ студенттері, кітапхана оқырмандары мен кітапханашылар ақынның өлеңдерін оқыды. Акустикалық бағытта өткен іс-шарада облыстық камералық оркестр әртістері ән-жырларды музыкалық түрлі аспаптармен сүйемелдеді. Кеш соңында оқырмандар мен іс-шара қонақтары ақынға ізгі тілегін білдірді. Кітапхана директоры Марфуға Айтқалиева Абдул Рахметовке «Белес» аудиокітабы мен естелік сыйлық табыс етті.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»