Казталов ауданы, Сатыбалды ауылында екі пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдауды күшейтіп, тұрғын үй құрылысы мен оның қолжетімділігін арттыру қажет. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударып, олардың баспанаға қол жеткізуіне барынша жағдай жасауымыз керек» – деген болатын. Осы орайда тұрғындарды баспанамен қамтуға мүмкіндік беріп отырған тұрғын үй бағдарламаларының маңызы зор. Бүгінде баспана кезегінде тұрған бірқатар азаматтар «Отбасы банк» арқылы өздерінің көптен күткен арманына қол жеткізіп, жаңа пәтерлердің иесі атануда.

Салтанатты шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банк» акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұржан Қалишанов, Сатыбалды ауылының ауылнайы Руслан Сарбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
-Президент тапсырмасына сәйкес биылғы жылы Казталов ауданы бойынша үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап жаңа тұрғын үйлер қолданысқа берілуде. Соның бірі бүгін Сатыбалды ауылында жүзеге асырылып, жаңадан бой көтерген заманауи үлгідегі пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталып отыр. Сатыбалдылық ағайындар мен ауданымызға қарасты басқа да ауылдардың баспаналы болып отырған қоныстой иелерін ауылдастар атынан шын жүректен құттықтаймын. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қатары күн санап артып, ауылдастардың қуанышы сәт санап еселене берсін! Сатыбалды ауылының ауылнайы Руслан Самиғоллаұлы өзінің жеке бастамасымен осы ауылда дүниеге келген әр сәбиге 200 000 теңге көлемінде сыйақы тағайындап отыр. Бұл сыйақыға күні бүгінге дейін Сатыбалды ауылынан алты отбасы ие болды. Оның сыртында жаңа баспанаға бүгін ғана ие болған қос отбасыға Руслан Самиғоллаұлы 50 000 теңге көрімдік берді. Елге болсын деген осындай жомарт жандар қатары көбейе берсін. Жаңа қоныс той құтты болсын, жерлестер, - деді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов өзінің құттықтау сөзінде.

Айта кетсек, Сатыбалды ауылындағы жаңадан баспаналы болып жатқан қоныс той иелерінің қатарында осы ауылдың тұрғындары Самал Бекқалиева мен көпбалалы отбасы Дариға Шигапова, ауданымыздың Беспішен ауылынан көпбалалы ана Альбина Пангереева, Әжібай ауылынан көпбалалы отбасы Әсемгүл Нәбенова, Казталов ауылынан жалғызбасты ана Жадыра Абуғалиевалар бар.
Көптің қуанышына ортақтасып, аудан тұрғындарының жаңа баспаналы болуымен құттықтаған «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банк» акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұржан Қалишанов:
-Құрметті ағайындар, әр отбасының үлкен қуанышына ұласқан бүгінгі жаңа пәтер алуларыңызбен құттықтаймын. Отбасы банк арқылы қол жеткізген шаңырақтарыңызда шаттық күндеріңіз мол болсын! Ұрпақтарымыз аман болып, еліміз қарыштап дами берсін - десе,
ауылдың алдыңғы буын ағалары мемлекеттік бағдарламаларды уақытылы жүзеге асырып, әдемі тұрғын үй салуға мүмкіндік жасаған ел ағаларына, үйді салып берген мердігерлерге ауылдастары атынан алғыс айтып, шара соңында ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Қайыржан аға көпшілікке арнап ақ батасын берді.
Қыдыр Харесұлы