Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру көлемі соңғы үш жылда 23%-ға, ал биылғы 10 айда 5,4%-ға артты, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: istockphoto.com
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдеуінше, бүгінде ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өніммен қамтылған, ал жалпы құны 975 млрд теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба іске қосылған соң алдағы үш жылда бұл көрсеткіш 80%-ға жетеді. Сонымен қатар химия өнеркәсібінде 10 айда 22% өсім тіркеліп, 2030 жылға қарай минералды тыңайтқыштар өндірісін 4 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Жеңіл өнеркәсіп саласында да биылғы 10 айда өндіріс көлемі 60%-ға ұлғайып, соңғы екі жылда салаға тартылған инвестиция екі есе артты. Министрдің айтуынша, өндірісті локализациялау міндеттемесін алған кәсіпорындарға жеңілдетілген несие мен салықтық преференциялар беру, сондай-ақ 2030 жылға қарай жеңіл өнеркәсіп көлемін екі есе арттырып, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін 20%-ға жеткізу жоспарланған.