24.11.2026, 16:00
Оқылды: 18

Казталовта әскери журналист Манарбек Қарекеновтің «Киберқасқыр» кітабы таныстырылды

Казталов ауданында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі», әскери журналист, подполковник Манарбек Қарекеновтің «Туған жерден нәр алған қаламгер» атты шығармашылық кеші өтіп, оқырманға жаңа туынды жол тартты.

image-24-11-26-03-19-12

Рухани басқосуға аудан әкімінің орынбасары Ернар Аққалиұлы,еңбек ардагері Уәлиолла Әбішев, «Казталов» шекара заставасының ұжымы, мекеме басшылары, «Ділмәр» әдеби клубының оқушылары, ұстаздар мен «Сана» клубының жастары және кітапхана оқырмандары қатысты.

image-24-11-26-03-19-7

Кездесу барысында әскери саптағы абыройлы қызметін журналистік шеберлікпен ұштастырып, қалам қуатымен қалың оқырманның жүрегінен орын тапқан қаламгердің өмірі мен шығармашылығы кеңінен сөз болды.

image-24-11-26-03-19-1

Кездесу кешінде автор өз өміржолы мен шығармашылығы жайлы сыр шертті. Журналистика саласына деген құштарлығы мектеп қабырғасынан, атап айтқанда 7 сыныптан басталғанын жеткізген Манарбек Айдынғалиұлы шекара шебіндегі жауапты қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүргенін мақтанышпен атап өтті.  “Өзім көрген шекара шебіндегі қызметтің әрбір оқиғасы менің қаламым арқылы халыққа жетіп отырады. Ең үлкен жауапкершілігіміз халыққа ақпаратты уақытында әрі дұрыс жеткізу. Журналист болу үшін қылқалам шебері сияқты әр оқиғаны жүрекпен сезіне білу керек. Шекара шебінде жүрсем де, қаламды тастаған емеспін», – деді қаламгер.

“Киберқасқыр” қалай дүниеге келді?

Бүгінгі таңда жастар мен жасөспірімдердің шетелдік аудармалар мен шытырман оқиғалы кітаптарды көп оқитынын тілге тиек еткен автор балаларға арналған қазақша детективтердің тапшылығы бұл кітапты жазуға түрткі болғанын жасырмады.

«Біздің балаларымыз кітап оқиды, бірақ ұлт жастарының көбі шетелдік туындыларға әуес. Түпнұсқада қазақ тілінде оқу маңызды. Балаларға арнап неге өзіміз детектив тақырыбында жазбасқа деген ой келді», - дейді Манарбек Айдынғалиұлы.

Жаңа жинаққа енген «Киберқасқыр» атты кітапта 8 түрлі әңгіме топтастырылған. Көлемі мен мазмұны балалардың зерделеп оқуына өте қолайлы. Кітаптың бұлай аталуының өзіндік сыры бар-мысты. Интернеттік шабуылдар, гаджеттер мен ғаламтордың жас баланың психологиясына тигізетін әсері қарапайым әрі жеңіл тілмен баяндалады.

-Телефон арқылы баламыз шексіз әлемге шығып кетеді. Торға не салынған болса, сол қалыпта қалып қоймауы үшін, баланың психологиясын бұзбайтындай етіп осы дүниені жазып шықтым, - деді автор.

Сонымен қатар автор болашақта жарық көретін «Ерор 404» атты вирус тақырыбындағы жаңа туындысымен де бөлісті. Кеште қаламгердің қалыптасуына ұстаздың рөлі ерекше болғаны айтылды. Өзінің ұстазы Сара Нұрланқызының сөз саптауы, өзін-өзі ұстауы мен әдебиетке деген құштарлығы оны ұстаздық жолды таңдауға жетелеген. Сыныптағы қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында Фариза Оңғарсынова пен Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын жатқа білмейтін оқушы болмағанын еске алды.

«Өлең жайшылықта тумайды,

Өлең қайшылықта туады»

Осы сөзіне дәлел ретінде ол осыдан бірнеше жыл бұрын шекарада орын алған шынайы оқиғаны мысалға келтірді. Ел шетін күзетіп жүрген шекарашылардың қырағылығы мен ерлігі арқасында қауіптің алды алынғанын, сол кезде жас офицердің ауыр жараланып, бір бүйрегінен айырылғанына қарамастан көрсеткен ерлігі «Шекарадағы ерлік» атты туындысына арқау болғанын тебіреніспен жеткізді. Мұндай оқиғалар жазушының рухын шыңдап, халық қауіпсіздігін қорғаған сақшылардың ерлігін жырлауға үлкен жігер беретінін жеткізді.

image-24-11-26-03-19-8

Жиын соңында қатысушылар авторға сұрақтар қойып, өз ризашылықтарын білдірді. Құстың қос қанатындай шекара қызметі мен қалам майданын қатар алып жүрген Манарбек Айдынғалиұлы екі саланың да өзіне бірдей ыстық екенін айтып, оқырмандарға алғысын білдірді. Рухани кездесу қатысушыларға үлкен әсер сыйлады.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале