24.11.2026, 16:45
Оқылды: 9

Еңбек адамдарына арналған энциклопедия

Орал қаласындағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Мұра.KZ» баспасының «Ұлы дала қыраны» атты кітап-энциклопедиясының таныстырылымы өтті.  Аталған баспаның бас редакторы Гүлмира Бөпішова айтулы іс-шараға қатысу үшін Алматыдан Орал шаһарына келді.

WhatsApp Image 2026-11-13 at 20.09.37

«Мұра» жеке баспасының ашылғанына 20 жылдай уақыт болған.  Баспахананың негізгі бағыты – Қазақстанның тарихы мен тарихи тұлғалары туралы көлемді еңбектерді жарыққа шығару. Бас редактордың сөзінше, кітаптың төртінші басылымы еліміздің батыс өңіріндегі төрт облысқа арналған. Энциклопедияда Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген адамдардың өмір жолы мен кәсіби қызметі түптелген.

Кітаптың басты кейіпкерлері – адал еңбегімен ел құрметіне бөленген қарапайым еңбек адамдары, өз саласының білікті мамандары мен отандық өндірістің көрігін қыздырып жүрген кәсіпкерлер. Кітапты жазу мақсатында былтыр баспа ұжымы облыс әкімдігімен біріге отырып, өңірлерді аралап, халықтың арасында зерттеу жүргізген.

WhatsApp Image 2026-11-13 at 20.09.37 (2)

Халықтың таңдаған еңбек адамдарын энциклопедияға топтастырған. Атап айтсақ, өмірден өткен дәрігер-терапевт Жанат Меңдіқанқызы, Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Мақсот Берген, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов, «Айдана» ЖШС-ның негізін қалаушы Аветик Амирханян, «Жәнібек Строй Сервис» ЖШС-ның директоры Мәрлен Сайхаденов, «Тәуекел» ЖШС-ның басшысы Владимир Климов және тағы басқа азаматтар бар.

Кітаптың ресми тұсаукесер салтанатында Мақсот Берген сөз алды. Ардагер өз сөзінде жырға, ақынға, батырға, ғалымға бай баларқалы мекеннің бетке ұстар азаматтарын жариялаған баспа ұжымына алғыс білдірді. Экономика ғылымдарының кандидаты Гауһар Қайырлиева Орал шаһарына алғаш болып компьютерді алып келген ҚазИИТУ оқу ордасының тарихын қағаз бетіне жинақтаған баспа ұжымына алғыс айтты. Келер жылы құрылғанына 55 жыл болатын «Жайық Дент стоматология орталығы» ЖШС-ның құрылтайшысы Меруерт Мусина: «Біршама уақыт өткеннен кейін біздің атымыз да ұмытылады. Ал бұл кітап – мәңгілік», – деп еңбекті оқуға және ел арасында насихаттауға кеңес берді.

WhatsApp Image 2026-11-13 at 20.09.36

Баспаның бас редакторы Гүлмира Көпбайқызы аталмыш кітапхананың директоры Шолпан Оразаеваға сиясы кеппеген кітаптың бір данасы мен алғысхат табыстады. Сондай-ақ аталған еңбекке енген басқа да азаматтар Алматыдан шалғай жатқан Батыс өлкесіне келіп, дерек жинап, оны түптеп шығарған шығармашылық ұжымға ақжолтай  тілектерін  арнады.

– «Ұлы дала қыраны» деп атау беруде көп ойландық. Қоғамға қызмет етіп жүрген әрбір адам – қазақтың қыран құсы. Оның ішінде қаршығасы, ителгісі, сұңқары, бүркіті де бар. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпірінен «қырандарды» жинап, кітап етіп шығаруды мақсат еттік. Кітаптың дизайнеріне «Кітаптың бетін ашып қалған кезде, қазақтың иісі бұрқ ете қалу керек» деп арнайы тапсырма бердік. Мұқабасына ұлттық аспап – домбыра, қыран құс және қошқармүйіз оюын салып, өрнектедік. Мақсатымыз орындалды деп ойлаймын. Болашақта аталған еңбекті көпшілікке насихаттау мақсатында «Елім үшін» атты телевизия жобасын шығару жоспарда бар. Энциклопедия Батыс Қазақстан өңірінің облыстық және аудандық кітапханаларына таратылады, – деді Гүлмира Бөпішова.

 

Перизат Тілегенқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале