Ливерпульге 2025 жылдың шілде айында жол түсті. Бастапқыда Абердиннен тікелей барамыз ба деп ойладық. Бірақ тікелей ұшақ рейсі жоқ болып шықты. Ал пойыз билеттері ұшақтан да қымбат екен. Сөйтіп, 66 фунт стерлингке екі адамға Абердин – Лондон бағытында ұшақ билетін екі айдай бұрын алып қойдық. Әрі Англия астанасын да сағындық, жол-жөнекей тағы бір көргіміз келді.

14 шілдеде Лондонға 16:00-де ұшып келдік. Шаһар орталығына жетеміз дегенше кешкі алты болды. Әуелі «Leicester Square» алаңындағы Шекспирдің ескерткішіне бардық. Ағылшын ұлтының сөз өнерінен ғана емес, күллі әлем әдебиетінен ойып орын алған тұлға Лондонның қақ ортасында қалың ойға шомған қалпында «қатып қалып», ғасырлардан ғасырларға көшіпті. Ескерткіш 1874 жылы ақ мәрмәрдан орнатылған. Онда қаламгердің «Надандықтан асқан қараңғылық жоқ» деген сөзі жазылыпты. Монумент 2012-2014 жылдарда күрделі жөндеуден өткен. Өзім ақын болғандықтан, Англия астанасына жол түскенде, ағылшынның бас ақынына арнайы барып «сәлем беруді» жөн көріп, келген болатынмын. Тұлғаның мүсінімен үнсіз «сырласқаннан» кейін, кетіп бара жатып, «Уа, Шекспир! Құдай бізге де сіздің шығармашылығыңыз бен даңқыңызды берсін!» – деп қоштастым.

Одан әрі 10-15 минут жаяу жүріп, «Ошпаз» деген өзбек дәмханасына барып, кешкі ас іштік. Мейрамханадан шығып, Биг-Бен мұнара-сағатына бағыт алдық.
Жол-жөнекей дәстүрлі әскери парад өтіп жатқанын көрдік. Бұрынғы Британия империясы әскерінің формасын киген атты һәм жаяу жауынгерлер сондай айбынды көрінді. Әскери оркестр үрмелі және ұрмалы аспаптармен патриоттық әуен ойнап жатты. Зеңбіректерді сүйретіп бара жатқан атты сарбаздар көрінісі керемет еді. Құдды бір Лондонды кезіндегі дүрілдеген империяның елесі кезіп жүргендей. Мұндай әсерлі көріністі кездейсоқ көріп қалдық. Қашан басталғанын білмеймін, алайда біз келген соң, жарты сағат шамасында парад аяқталды. Одан әрі Биг-Бен, Вестминстер сарайы, Лондон жанары тәрізді нысандарды тамашалап, Темза өзенінің бойында серуендедік. Англия астанасына сәуірде келіп-кеткеннен кейін, бұл екінші келуіміз. Ұлыбританиядағы 1 жыл оқу мерзімінде мұнда үшінші рет келетін жоспар жоқ еді. Енді екі айға жетпей, елге қайтамын ғой. Сондықтан Лондонның әр ғимаратына әрі таңырқай, әрі сүйсіне, әрі қимай қарап, үнсіз қоштастым.
Трафальгар алаңына соғуды да ұмытпадық. Биг-Беннен жаяу жүрсең, шамамен 15 минуттық қашықтықта. Онда Ұлттық галерея мен субұрқақтың фонында суретке түсіп алдық. Аталған алаңда екі биші жиналған көпшілікке би билетіп тұр екен. Үлкен-кішісі бар, әртүрлі жастағы 50-60 кісі екі нұсқаушының қимылдарын қайталап, би билеп жатты. Қосылған музыканың ырғағы ғажап, өзге дүниенің бәрін ұмыттырып жібереді. Лондон кеші ерекше көңілді көрінді. Жалпы, бұл қаланы жазда көрудің әсері бөлек екен. Шаһар өзге мезгілдерден гөрі жазда айрықша ажарланып кетеді. Сан ғасырлық ғимараттарының арқасында тарихи-мәдени бояуға бай қала көшелерінде қыдырып, «Кезінде Чарльз Диккенстер жүрген жерлер ғой» деп, сол классиктердің дүркіреген дәуіріне барып келгендей, тәтті қиялға берілдім. Сағат 22:00-дер шамасында қараңғы түсіп кетті. Метро пойызына отырып, алдын ала жалдап қойған үйге бардық. Сөйтіп, кешкі алты мен он арасында небәрі 4 сағат араласақ та, осы аз ғана уақыт маған ғаламат әсер сыйлады.

Келесі күні «Flix Bus» компаниясының автобусына мініп, Ливерпульге жолға шықтық. Онда 6-7 сағатта жеттік. Ливерпульді аралауды ертеңіне бастадық. Бұл қаланың символы – 1911 жылы салынып біткен «Royal Liver Building» деген ғимарат. Осы нысан төбесінің екі жақ шетінде екі құстың мүсіні орнатылған. Бұлар – «лайвер» деген құстар. Шын мәнінде, жер бетінде кездеспейді. Яғни мифтік бейнелер. Бірі теңізге, екіншісі шаһарға қарап тұр. Мүсіндердің биіктігі 5,5 метр, ал салмағы 2 тоннадан асады екен. Аңыз бойынша, осы екі құстың біреуі болсын ұшып кетсе, онда Ливерпуль де қирап, жойылады. «Ливерпуль» футбол клубының таңбасында да осы мифтік лайвер құстары бейнеленген.

Айтпақшы, даңқты «Битлз» тобы осы қаладан шыққан. Бүгінге дейін үшбу топ альбомының 600 миллионнан астам данасы сатылған. Бұл – әлемдік рекорд, адамзат тарихында бұған жететін көрсеткіш жоқ! Қандай жетістік екенін ұғындыру үшін айта кетелік, Майкл Джексон туындыларының 400-500 миллион данасы сатылған. Атағы жер жарған топтың 2001 жылы ЮНЕСКО аясында арнаулы датасы белгіленіп, 16 қаңтар «Битлз» күні ретінде аталып өтеді. Осы әйгілі жігіттерге туған шаһарында 2015 жылы ескерткіш қойылған. Алдындағы тақтатасқа былай жазылыпты: «Битлз» Ливерпульде соңғы рет 1965 жылдың 5 желтоқсанында өнер көрсетті. Бірақ олар шаһардан ешқашан кеткен емес. «Битлз» бен Ливерпуль – синонимдер». Жалпы, аталған топтың осыннан шыққанының әсері ме – қалада музыканттар көп секілді көрінді. Арбатта ән шырқап, түрлі аспапта ойнап тұрған өнерпаздарды күндіздің өзінде бірнеше рет кездестірдік.

1207 жылы негізі қаланған Ливерпуль – жаһанға ертеден порт қала ретінде мәлім. Осы маңнан ағып өтетін Мерси өзені Атлант мұхитының бір бөлігі саналатын Ирланд теңізіне құяды. Яғни Ливерпульден әлемнің әр түкпіріне жолаушы және тауар тасымалдайтын кемелер ежелден ағылып жатады. Сондай-ақ XVI ғасырдан бастап, мұнда құл саудасы қызған. Бұрын кемелер «Royal Albert Dock» деп аталатын айлаққа тоқтаған. Нысан 1846 жылы ашылған. Ондағы қоймаларға бренди (ішімдік түрі), мақта, піл сүйегі, шай, жібек, темекі, қант тәрізді қымбат тауарлар жеткізіліп, сақталған. Алайда бірте-бірте кемелердің көлемі ұлғайғандықтан, 50 жылдан кейін-ақ жаңа су көліктері онда сыймайтын болды. Соған қарамастан, ұзақ уақыт маңызды айлақ саналды. Әйтсе де, 1972 жылы жабылып тынды. Ал 1984 жылы «Royal Albert Dock» тарихи-мәдени орын ретінде қайта ашылды. Кешенде бірнеше музей, галереялар, кафелер, дүкендер бар. Аталған нысан – Лондонның төңірегіндегі туристер ең көп баратын орын. Себебі кезіндегі Британия империясының қуатты флоты мен теңіз жолындағы жетістіктерін, қыз-қыз қайнаған сауда қатынастарын еске түсіреді-мыс. «Royal Albert Dock» айлағының айналасына да елдің теңіз жолындағы тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Мәселен, 1907 жылы жасалған «Лузитания» кемесінің бір қалақшасы (propeller) тұр. Мұндай қалақшалар су көлігінің жылдамдығын арттыру үшін 1909 жылы орнатылған екен. «Лузитания» Ливерпуль мен Нью-Йорк арасында жолаушы тасымалдаған. Яғни Атлант мұхитын 4,5 күнде жүзіп өткен. Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыс уақытында, 1915 жылы 7 мамырда немістің сүңгуір қайығы «Лузитанияны» қасақана атып, кеме Ирландия аралының оңтүстігінде 20 минут ішінде суға батады. Салдарынан 1191 адам қаза тапқан. Бір ғана жәдігердің, яки қалақшаның арқасында жолаушылар кемесі, Ливерпуль – Нью-Йорк бағытындағы жолаушылар тасымалы, Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы жағдай жөнінде мағлұмат алдық.

Бұдан бөлек ағылшындар «Royal Albert Dock»-тың кіреберісіне жылқыға ескерткіш қойыпты. Өйткені аттар сан ғасыр бойы айлаққа келіп тоқтаған кемелердегі жүкті қоймаларға және керісінше, қоймалардағы жүкті кемеге тасыған. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы әскерге жеткізілетін азық-түлік пен жанармайды да кемеге тасыған Ливерпуль жылқылары еді. Ағылшындар жылқы түлігінің ел экономикасына қосқан елеулі үлесін құрметтеп, ескерткіш орнатыпты. Бұл да біз үшін тағылымды жайт болды. Жалпы, Ұлыбританияда еңбек лайықты бағаланады. Мамандар мен жұмысшыларға жақсы жалақы төленуінің себебі – осы. Бұл елде еңбек лайықты бағаланатынын, тіпті аттардың жұмысын құрметтеп, монумент тұрғызғанына қарап аңғаруға болатын шығар.
Бәрінен бұрын бұл шаһарды жаһан жұрты «Ливерпуль» футбол клубы арқылы таниды деп ойлаймын. 1892 жылдан бері аталмыш клубқа тиесілі «Энфилд» стадионына да бардық. Онда 60 мыңнан астам адам сыяды екен. Еуропалықтар, соның ішінде ағылшындар футбол десе, ішкен асын жерге қоятынын бұрыннан білетінбіз. Тіпті «бір клубтың жанкүйерлері басқа клубтың фанаттарын ұрып тастапты, пышақтапты» деген секілді суық хабарларды да ара-тұра оқып, естіп жатамыз. Ағылшындардың футболға деген ықыласына «Энфилд» стадионының алдында куә болдық.

«Ливерпульдің» шебер шабуылшысы Диогу Жота 3 шілдеде жол апатынан қаза тапқаны футбол жанкүйерлерінің қабырғасын қайыстырды. Әсіресе ливерпульдіктер қатты қайғырып, аза тұтыпты. Стадионның алдында «Ливерпуль» футбол клубының мойыншәлілерін, футболкаларын, туларын, клуб эмблемасы бар жұмсақ ойыншықтар мен мүсіншелерді, гүлдерді үйіп тастапты. Бұл футболсүйер қауымның ықыласы мен қимастығы болса, ал «Ливерпуль» командасы да марқұмға айрықша құрмет көрсетті. Яғни Жотаның 20-шы нөмірін қолданыстан шығарды. Енді «Ливерпуль» футбол клубында ешбір ойыншы ешқашан 20-шы нөмірді иелене алмайды. Осы арқылы әкімшілік Жотаның есімін де, нөмірін де ұлықтап, мәңгі есте сақталуының амалын жасады.
Жалпы айтқанда, Ливерпульде 500 мың бұқара, төңірегіндегі елді мекендермен қосқанда, 1 миллион 500 мың халық тұрады. Қала ұнады. Британия империясы дәуірін еске салатын көне ғимараттар мен заманауи Англияны танытатын су жаңа, жарқыраған, жалтыраған нысандар қатар тұр. Сондай-ақ «Битлздің» арқасында музыка «сиқырының», ал «Ливерпульдің» арқасында футболға деген құштарлықтың аурасын сезіндік.
Алпамыс Файзолла
2025 жылдың шілдесі