27.11.2026, 15:00
Оқылды: 31

Әскерден - университетке: Оралдық төрт сарбаз білім грантына ие болды

Орал қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген төрт сарбазға жоғары білім алуға мүмкіндік беретін білім гранттары табысталды.

71c2f83e-1c4d-4b05-87cd-71d3037170ac

Әскери бөлімнің акт залында өткен салтанатты рәсім барысында сарбаздарға арнайы сертификаттар берілді. Білім грантына ие болған жауынгерлер әскери қызмет барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткен, сондай-ақ әскери тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін танытқан.

55f8d30a-7328-427a-ba2c-9e2bfde2210f

Аталған мүмкіндік жастарды әскери қызметке ынталандыруға, олардың білім алуына және кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталған «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама мерзімді әскери қызметін абыроймен атқарған сарбаздарға запасқа шығарылғаннан кейін еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға жол ашады.

Білім грантының иегері атанған сарбаздардың бірі бұл мүмкіндікті болашағына жасалған үлкен қолдау деп бағалайды. Оның айтуынша, әскери қызмет тек Отан алдындағы борышты өтеу ғана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды өмірлік кезең.

Салтанатты шара соңында сарбаздар әскери бөлім басшылығына көрсетілген қолдау мен жасалған мүмкіндік үшін алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік
қолбасшылығының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале