Мемлекет және қоғам қайраткері Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиевтің туғанына 85 жыл толуына орай көрме ашылды.
Бүгін Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және мемлекет, қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиевтің туғанына 85 жыл толуына арналған «Елдік мүдде биігіндегі тұлға» атты көрменің ашылуы өтті.
Тағылымды шараға қайраткермен бірге қызмет еткен әріптестері, ел басқару ісінде қанаттас болған азаматтар, бұрынғы әріптестері, достары, жұбайы Рысты Есқалиева мен ұлы Ғали Нәжімеденұлы қатысты.

Салтанатты жиында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медхат Қамбетов құттықтау сөз сөйлеп, Нәжімеден Есқалиевтің ел басқару жолындағы еңбегі мен өңірдің дамуына қосқан үлесін атап өтті.

Сондай-ақ алмағайып кезеңде қайраткермен бірге қызмет атқарып, елдік мүдде жолында бірге еңбек еткен әріптестері Абат Есенғалиев пен Яхия Чудров оның басшылық қызметтегі жылдарына тоқталып, ел үшін атқарған істері мен азаматтық болмысы туралы естеліктерімен бөлісті. Ал қайраткердің ұлы Ғали Нәжімеденұлы көрменің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, әкесінің өнегелі өмірінен сыр шертетін естеліктерін ортаға салды.


Көрмеде Нәжімеден Есқалиевтің өмір жолы, мемлекеттік және қоғамдық қызметі, әсіресе өңірді басқарған 1986–1992 жылдардағы тарихи кезең кеңінен қамтылған. Тарихи құжаттар, баспасөз материалдары мен замандастарының естеліктері арқылы қайраткердің ел дамуына қосқан үлесі, күрделі кезеңдегі басқарушылық шешімдері мен азаматтық ұстанымы таныстырылады.

Бұл көрме – бір адамның өмір жолын таныту ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресін жаңғыртып, ел тарихындағы елеулі тұлғалардың еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған тағылымды бастама.
Дереккөз: Облыстық музейдің баспасөз қызметі
Сурет: Мәди Салық