Уақыт керуені сырғып өткен сайын, адам жанын елжіретіп, өткен күннің жылы лебін еске салатын мекендер болады. Қараөзеннің жағасында бой көтерген, бір кездері «Балдәурен» деп аталған, бүгінде сүйікті «Ақботаға» айналған қасиетті шаңырақтың алғашқы іргетасы сона-а-а-у 1972 жылы қаланды. Содан бергі жарты ғасырға жуық уақыт ішінде бұл ұядан қаншама түлек қанат қақты. Сол алғашқы қарлығаштардың көбі бүгінде өз алдына отбасын құрып, бала тәрбиелеп отырған ардақты ана мен асқар тау әкеге айналды.

Ал «Ақбота» атауымен жаңа тыныс, жаңа белес 2006 жылдың 7 қарашасында бастау алып, 3–5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған 50 орындық балабақша есігін айқара ашты. Алғашқы тәрбиеленушілер қатарында 2001–2002 жылы дүниеге келген кішкентай балапандар еді... «Ақботаның» құшағында тәй-тәй басып, арманмен ұясынан ұшқан сол буын бүгінде еліміздің болашағына өз үлестерін қосып жүрген жастар... 2014 жылдың маусым айында мекеменің атауы «бөбекжай» болып өзгертіліп, 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды қабылдап, тәрбиелеудің жаңа кезеңіне жол ашты.
Әр шаңырақтың берекесі мен беделі оны басқарған тұлғалардың еңбегімен өлшенеді. Әр басшының өз кезеңі, өз қолтаңбасы бар.
Батима Мұхамбетқызы Кенжеғалиева (2006–2008 жж.) – жаңа атаумен ашылған мекеменің алғашқы меңгерушісі. Бөбекжайдың аяққа тұрып, алғашқы қадамдарын нық басуына, ұжымның қалыптасуына зор еңбек сіңірген ұстаз.
Фарзия Асқарқызы Хасанова (2008–2022 жж.) – он төрт жыл бойы мекеме тізгінін берік ұстаған тәжірибелі басшы. Ұзақ жылғы табанды еңбегі мен парасатты басшылығының арқасында ұжымның әлеуеті артып, тәрбие жұмысы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Оның әр балаға деген аналық қамқорлығы мен әріптестеріне көрсеткен қолдауы «Ақботаның» шежіресінде алтын әріппен жазылды.
Венера Сәбитқызы Малахова (2022–2026 жж.) – Жаңашылдық пен жүйелілікті ұштастыра отырып, бөбекжайдың бүгінгі беделі мен жетістіктеріне сүбелі үлес қосқан мықты басшы.
Міне, биыл «Ақбота» бөбекжайы 20 жаста! Жиырма жыл – бір адамның жастық шағы, бір ұжымның шежіресі, талай бүлдіршіннің алғашқы қадамына куә болған, армандарына қанат бітірген ыстық ұя. Осы жылдар ішінде қаншама шәкірт тәрбиеленіп, өмір жолындағы алғашқы баспалдағын осы жерден қалады. Қаншама аяулы тәрбиеші өмірінің сүбелі бөлігін бала тәрбиесіне арнап, құрметті еңбек демалысына зейнетке шықты.
Жылдар жылжып, ұрпақ алмасқанымен, басты құндылығы өзгермеген қасиетті шаңырақ бүгін 20 жасын салтанатты түрде атап өтті. Ғаухар Аманжолқызы басшылық ететін бөбекжай жиырма жылдық мерейтойға орай «Кеше. Бүгін. Мәңгілік балалық» атты мазмұнды да әсерлі мерекелік шара ұйымдастырды.
Қуанышты сәтпен бөлісуге арнайы келген аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы жылы лебізін білдіріп, ұжымның еңбегін жоғары бағалады. Балабақша ұжымына алғыс хат пен естелік сыйлық табыстап, бөбекжайдың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Мерекелік кештің ең көркем әрі жүрекке жылы тиген сәті – бүлдіршіндердің өнері болды. Әр қойылым балалардың табиғи болмысын, тәрбиешілердің тынымсыз еңбегін айқын аңғартты десек те болады.
Балалардың тақпақтары кештің шырайын ашып, жиналған қауымға тәтті сезім сыйлады. Ал «Шалқан» музыкалық ертегісі кішкентай әртістердің шынайы ойынымен көрерменді бірден баурап алды.«БалаSTAR» триосы орындаған «Мен қазақпын» әні рухты көтеріп, ұлттық мақтаныш сезімін оятты. «Қолшатырлар» биі өз нәзіктігімен, әсемдігімен көздің жауын алып, бүлдіршіндердің сахнадағы еркіндігін көрсетті. «Қырманға кел, қалқатай» биі көңілді ырғағымен орындалса, балалар оркестрі үйлесімді үнімен тәнті етіп, «Гүлдер» триосының «Ұстаз» әнінен құралған попурриі ұстаз еңбегіне деген шынайы баға деп білдік.
Мерекелік кештің соңында бөбекжай ұжымы мен балалар сахнаға бірге шығып, «Бақыт деген» әнін асқақтата шырқады. Бұл ортақ ән бірліктің, татулықтың және бақытты балалықтың символындай...
Жиырма жылдық белестің бір тірегі ата-аналардың ұйымшылдығы мен қолдауы екенін шара барысынан-ақ куә болдық. Қандай лауазымда, қандай қызметте жүрсе де, ең алдымен өз баласына арқа сүйер әке мен аяулы ана екенін дәлелдеп, мерекелік шараның басы-қасынан табылған ата-аналардың қатысуы, қолдауы өте ерекше.
Бұл кеш тәрбиеші мен ата-ана арасындағы байланыстың қаншалықты берік екенін тағы бір мәрте айқындады. Балабақша мен отбасы бірлесе отырып, ортақ мақсатқа баланың бақытты әрі үйлесімді дамуына қызмет еткенде ғана тәрбие нәтижесі толық болады. «Ақбота» шаңырағы соның үлгісін көрсете білді…
Жасың құтты болсын, “АҚБОТА”!
Жұлдыз Асқар
Казталов ауданы