27.11.2026, 16:30
Оқылды: 7

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тікелей бақылауында болады

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының өңірде іске асырылу барысына арналған кеңес отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген құжат балалардың құқықтарын қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарын қамтиды.

9cc9580ee3043f16b4a38aca41f08d18c62c38367c36c85cec59c036b34396d5_1280x720

Кеңесте тұжырымдаманы іске асыру аясында атқарылған жұмыстар баяндалды. Бүгінде өңірде 18 жасқа дейінгі 211 723 бала бар. Оның 128 693-і Орал қаласында, 83 030-ы аудандарда тұрады. Тұжырымдаманы іске асыру мақсатында өңірлік жоспарға 77 іс-шара мен 10 негізгі индикатор енгізілген.

Қазіргі уақытта Орал қаласы мен барлық ауданда Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ облыстық психологиялық-әдістемелік қолдау орталығы қызмет көрсетеді. Қорғаншылық және қамқоршылық саласында 38 маман еңбек етеді.

«Қауіпсіз өңір» жобасы аясында облыста 42 көше мен 24 аула жарықтандырылып, 58 тұрғын үйдің қасбеті қалпына келтірілді. Сонымен қатар 300 бейнебақылау камерасы орнатылды. Орал қаласында 20 мектепке апаратын жолдардың жарығы жақсартылды. Ақжайық, Бәйтерек және Бөкей ордасы аудандарында да мектеп маңындағы жол белгілері мен жарықтандыру жүйелері жаңартылды.

Тұжырымдаманың 96-тармағына сәйкес үйде жеке оқитын балалардың үлесін азайту көзделген. Өткен оқу жылында облыста 345 бала үйде білім алса, биыл бұл көрсеткіш 306-ға дейін төмендеді. Яғни, мектеп өміріне араласу мүмкіндігі артқан балалар саны 39-ға көбейді.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басқармалар мен жергілікті атқарушы органдарға балалардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына бағытталған Жол картасын 15 желтоқсанға дейін әзірлеуді тапсырды. Нариман Төреғалиев әр баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі, үйден мектепке дейінгі жолының қауіпсіз болуы және сапалы білім алу мүмкіндігі тұрақты бақылауда болуы қажеттігін атап өтті.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале