Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы экологиялық мәдениетті дамыту, абаттандыру, қалдықтарды қайта өңдеу, көгалдандыру және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстарды бір салаға біріктірді. Ондағы құндылықтар жаңа Конституцияда институционалды тұрғыда бекітіліп, табиғатты сақтау мемлекет пен әрбір азаматтың жауапкершілігі ретінде айқындалды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыратын бағдарлардың бірі ретінде орын алды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан әкімдігінің 2026 жылдың 27 наурызындағы №56 қаулысымен аудан көлемінде 1 сәуір – 30 сәуір және 23 қыркүйегіндегі №198 қаулысымен аудан көлемінде 26 қыркүйек – 31 қазан аралығында санитарлық-экологиялық айлық өткізу туралы қаулылары қабылданып іс-шаралар жоспары жасақталып жоспарлы жұмыстар атқарылды. Сенбіліктерді жоспар бойынша жүргізу қарастырылып жалпы мекеме, ұйым және ауылдық округтер аумақтарында, елді мекен көшелерінде тазалық жұмыстарын жүргізу жоспарланса, одан әрі абаттандыру жұмыстарын жүргізу, жасыл желектер отырғызу, гүлзарлар орнату сияқты жұмыстар жүргізілді, сондай-ақ жол жиегіндегі алқаптарында және өзен жағалауларында тазалық жұмыстары атқарылды.
Ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша аудан аумағында 144 мәрте жалпы сенбілік өткізіліп, бұдан бөлек мекеме ұйым қызметкерлерімен күнделікті абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылған. Сенбіліктерге жалпы 4257 адам қатынасып, 82 техника тартылып, 339 тонна қалдық арнайы орынға шығарылды, тазаланған аумақ 235 гектарды құрайды.
Ауданымызды абаттандыру мен көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжановтан сұраған едік.

– Елді мекендерді көгалдандыру бағытында жас көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізілді, мекеме айналасына, саябақтарға 3050 түп әртүрлі көшет түрлері отырғызылып баптауға алынды.
2026 жылы 3000 түп көшет отырғызу жоспарланды. Аталған жоспардың көктемгі мезгіліндегі орындалғаны 67,8 % (2001 түп) құрап отыр, жоспарға сай күзгі мезгілде 40% (1049 түп) отырғызылды. Аталған бағыттағы жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде жалғаса беретін болады.
Ауылдық округтер мен елді мекендерде бұзылған тұрғын үйлер және нысандар туралы айта кетсем.

Қаракөл ауылдық округінде 5 апатты тұрғын үй, Сулыкөл ауылдық округінде 6 тұрғын үй бұзылып, орындары тазартылды. Аққозы ауылдық округінде 20 тұрғын үй, Қоскөл ауылдық округінде 10 тұрғын үй, Егіндікөл ауылдық округінде 3 тұрғын үй, Жусандыой ауылдық округінде Ханкөл орта мектебінің ескі ғимараты мен ескі дүкен ғимараты, Саралжын ауылдық округінде 3 тұрғын үй бұзылды.
Қаратөбе ауылында Сейфуллин көшесінде 3 пәтерлі 1 тұрғын үй, Мұхит көшесінде 1 тұрғын үй, Құрманғалиев көшесінде 2 қабатты көппәтерлі тұрғын үй, Абай көшесінде 1 апатты тұрғын үй бұзылды.

Сонымен қатар, аудан орталығында орналасқан «Береке» кафесін бұзу жұмыстары жүргізілуде, - деді Мұхтар Мерекеұлы.

Жалпы, аудан аумағында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар елді мекендердің көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне әрбір азаматтың үлес қосуы маңызды. Өйткені таза әрі көрікті ауыл – ортақ жауапкершілік пен бірліктің нәтижесі.
Серікбай Жәлелұлы,
Қаратөбе ауданы