Орал қаласындағы №13 орта мектепте оқушыларға кәсіптік бағдар беру күні өтті. Іс-шараны облыстық кәсіпкерлер палатасы білім беру саласындағы серіктестермен бірлесіп ұйымдастырды.

Игі бастаманың мақсаты – жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауға көмектесу, оларды экономиканың нақты секторымен таныстыру және облыстың негізгі салаларындағы кадр тапшылығын азайту.
– Біз 2014 жылдан бері кәсіптік бағдар беру бағытында жұмыс істеп келеміз. Жаңа оқу жылы басталысымен арнайы кесте құрамыз. Сәйкесінше, білім басқармасынан мектептерде іс-шара өткізуге рұқсат аламыз. 3 қараша – 11 желтоқсан аралығында мектептерде кәсіптік бағдар беру күндері өтеді. Бұл күндері қаладағы барлық колледж бен университет өкілдері білім ошақтарына барып, мамандықтар жөнінде ақпарат береді. Балалар өздерін қызықтырған мамандықтармен, оқуға түсу шарттарымен танысады. Мен мұндай іс-шараның маңызы зор деп ойлаймын. Себебі бір жыл ішінде барлық оқу орнын аралап шығу мүмкін емес. Кәсіпкерлер палатасы сонымен қатар бизнес өкілдерімен, табысты адамдармен кездесулер ұйымдастырады. Балаларды кәсіпорындарға, зауыттарға апарып, экскурсия өткізеді. Меніңше, кәсіптік бағдар беру аса маңызды. Себебі бұл – баланың болашақ тағдырын айқындау. Яғни оған мамандықты адаспай таңдауға көмектесу қажет. Жалпы бұл жұмысқа тек оқу орындары емес, кейбір мемлекеттік құрылымдар да атсалысуы керек. Өйткені кадр тапшылығы бар. Сондықтан бүгінгі міндетіміз – балаларға қай салада сұраныс көп екенін, табысты болуға мүмкіндік бар екенін айту, түсіндіру. Әрине, олардың сүйікті ісімен айналысуы да басты рөл атқарады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Абулкаирова.
Оның айтуынша, бұл бағытта «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ, «ҚазАрмапром», «Родник» фирмасы», «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы», «Стекло-Сервис», «Белес-Агро», «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-лармен тығыз байланыс орнатылған.
Мектеп директоры Дамир Мырзағалиев заманауи білім мен дағдылардың күн санап жаңарып жатқанын атап өтті. Кәсіби бағдар беру оқушыларға еңбек нарығының сұранысына сай дұрыс мамандық таңдауға жол ашатынын жеткізді. Іс-шара барысында оқушыларға интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Оқу орындарының өкілдері сұранысқа ие жұмысшы және инженерлік мамандықтар, сондай-ақ дуальды оқытудың маңызы туралы айтты.
Жоғары аграрлық-техникалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Самал Тоқтамысова құрылыс, электрмен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы және басқа да мамандықтарды таныстырды. «Колледж қазіргі сұранысқа ие өрт қауіпсіздігі мамандарын да даярлайды. Облысқа қажет аутоматизация, сонымен қатар роботтық техника мамандықтары да қосылды. Мысалы, аутоматизация – электрмен қамтамасыз ету мамандығының жетілдірілген түрі. Бүгіндері ол зауыт, фабрикаларда көп сұранысқа ие. Біздің оқу орнында студенттерге шәкіртақымен қоса, жатақхана беріледі. Жыл сайын 200-250 маман оқу бітіреді», – деді Самал Қайырғалиқызы.
Айта кету керек, 25 қарашада қаладағы №21 мектепте де осындай кәсіптік бағдар беру күні өтті.
Айна Имашева,
Орал қаласы