Жақында Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Үндестік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әже аманаты – ұрпаққа тағылым» атты іс-шара өтті.

«Үндестік» қоғамдық бірлестігі осыдан 35 жыл ілгеріде құрылды. Ұлттық құндылықтарымыз бен рухани мұрамызды өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, ұлттық кодымызды дәріптеу – басты ұстанымы. Қазіргі кезде бұл бірлестікке 11 әже мүше. Ақжаулықтылар студент жастармен кездесулер өткізіп тұрады. Сонымен қатар ән шырқап, құрақ көрпе құраумен де айналысады. «Үндестік» ҚБ төрайымы Анаргүл Дәулетова қазақ халқының асар, ерулік, сарқыт секілді ұлттық дәстүрлерін сөзге өзек етіп, олардың тәрбиелік мәнін түсіндірді. Сондай-ақ осындай ізгі дәстүрлерді ұмытпай, кейінгі буынға жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
Бірлестік мүшесі Лена Досқалиеваның ұлты поляк болғанымен, қазақ халқымен біте қайнасып, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген жан. Ол қазақ халқының салт-дәстүрін өз шаңырағында да қадірлеп, берік ұстанатынын жеткізді. Сондай-ақ отбасылық жиын мен той-томалақта үнемі кимешек киіп жүретінін айтып, ұлттық киімге деген құрметін білдірді.
Іс-шарада қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері насихатталып, қатысушыларға ұлттық құндылықтарымыздың маңызы туралы ақпарат айтылды. Одан бөлек қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, ұлттық тағамдарымыздың ерекшеліктері, оның дайындалу жолы сөз болды. Басқосу ұлттық мәдениетіміз бен рухани мұрамызды дәріптеуге бағытталды.
Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,
Орал қаласы