Орал қаласы маңындағы 2-саяжай аумағында 40 га жерде құрғақ шөп өртенді.
БҚО ТЖ департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Азамат Нұрпейісовтің айтуынша, соның салдарынан 14 электр бағанасына зақым келді. «Автомобилист» саяжай қоғамдастығында алаңы 36 шаршы метр үй мен сондағы жеке мүліктер және алаңы 30 шаршы метр иесіз үй өртеніп кетті.
«Тілсіз жауды» ауыздықтауға департаментке қарасты өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен 6 техника, 27 адам қатысты. Сондай-ақ орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі мен «Жайық таза қала» ЖШС-дан қосымша күштер тартылды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себептері, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.
Соңғы күндері өңірде күннің күрт ысуы салдарынан өрт қаупі күшейе түсуде.
Айта кетейік, 2015-2016 жылдары Батыс Қазақстанда 59 орман өрті тіркеліп, соның кесірінен орман қорына 29,4 млн. астам теңге залал келді.
zhaikpress.kz