31.05.2017, 16:26
Оқылды: 89

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары облыс аудандарында да өтті

31 мамыр – бүкіл қазақ баласының көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. Облыс аудандарында да қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары өтті.  Бұл туралы аудандардағы филалдарымыздың тілшілері хабарлады.


Қазталов ауданында өткен шараға қатысушылар қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оларға арнап  құран бағыштады. Жалпақталдық тарихшы Абылай Жәрдемғалиұлы құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ету, келешек ұрпаққа осы қанқұйлы жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау керектігін баса айтты.

Бұндай шара Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта да ұйымдастырылды. Тағылымды жиын аудандық тарихи-өлкетану музей мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жалғасты.

Зеленов ауданы Дариян ауылдық орталықтандырылыған кітапханасының кітапханашысы Мәрзия Кунуспаева «Азалы кітап» туралы мол мәлімет берді.

Ал Теректі ауданындағы шарада қоғамдық кеңес төрағасы Ғ.Қатабаев және ардагер Л.Лымарева тебірене сөйледі.

Бөкей Ордасы ауданында нәубет жылдары қуғынға ұшыраған 300-ден астам бөкейлікке арналып ескерткіш ашылды. Ескеркіште 168 жерлесіміздің есімдері қашалып жазылыпты. Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінің бөлім меңгерушісі Әлихан Кәрімов бұрынғы Бөкей даласынан негізінен 300-ден аса жан осынау зұлматтын зардабын шеккенін жеткізуді ұмыт алдырмады.

Ал Сырым ауданы бойынша 200-ге тарта адам қуғын-сүргіннің құрығына ілініп, тоталитаризмнің тепкісінде қалған. Бұл тізім әлі толығу үстінде.

Жаңақала аудандық мәдени демалыс орталығының өнерпаздары «Алаш туы астында күн сөнсе де сөнбейміз» композициясы шеңберінде Алаш арыстарын бейнелеп, жалынды жырларын нақышына келтіре оқыды.

Жәнібек ауданы орталығындағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-белгі жанында жазықсыз жапа шеккендер еске алынды. Оған дербес бөлімдердің, мекеме-кәсіпорындардың, білім беру және мәдениет салаларының басшылары мен қызметкерлері және ардагерлер қатысты.

Шыңғырлау ауданында ұйымдастырылған шарада алғашқы сөз аудан әкімі А.Есалиевке берілді. Аудан басшысы өз сөзінде өткенімізге шолу жасай отырып, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу қасиетті міндет екенін атап өтті.

Ал Тасқала аудандық мешіттің бас имамы А.Ибрашев құран оқып, ұрпақ пен ұлт қамы үшін өздерін құрбан еткен ата-баба рухына арнап дұға тіледі.

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале