12.06.2017, 16:32
Оқылды: 60

"Рухани жаңғыру" жобаларын талқылаған басқосу

Screenshot_2017-06-13-00-42-55-1Жуырда ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жобалық басқару негізінде жүзеге асыру бойынша арнайы оқулар ұйымдастырылды. Ел ордасында өткен аталмыш шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бастаған өңір делегациясы қатысып қайтқан еді.


Бүгін осыған орай облыс әкімдігінің М. Ықсанов атындағы залында өңір басшысы Алтай Көлгінов төрағалық еткен жиын өтті.
- 5-9 маусым аралығында рухани жаңғыруды жүзеге асыру бойынша өткен оқуларға облысымыздың бірқатар басқарма басшылары мен сарапшылардан құралған алты адам қатысып келдік. Оқу семинары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Оңдасын Оразалин, мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің, ішкі саясат бөлімі меңгерушілері, мемлекеттік инспекторлар мен вице-министрлер қатынасқан оқуда жобалық менеджменттің теориясы және оны "Рухани жаңғыру" бағдарламасында қалай пайдалануға болатыны жөнінде тәжірибелер көрсетіліп, тренингтер өткізілді. Облысымыздан барған әріптестер алты топқа бөлініп, әр түрлі бағытта жұмыс жасадық. Енді Мемлекеттік басқару академиясының тренерлерін облысымызға шақырып, алдағы маусым-шілде айларында жобалық менеджмент бойынша оқыту семинарларын өткізсек деген ұсынысымыз бар. Тренерлер мұндай ұсынысқа оң көзқарас танытты, - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Делегация құрамында болған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша облыстық деңгейде құрылған жобалық кеңсе жетекшісі Салтанат Тұманбаева оқыту семинары қамтыған тақырыптарға жан-жақты тоқталып өтті.

- Рухани жаңғырудың негізгі мән-мазмұны - үнемі ізденіс және білім алу. Бұл бағыттағы жұмыстарды аудан-ауылдарда жүйелі жүзеге асыру үшін облыс орталығында арнайы оқыту семинарын ұйымдастырамыз. Осы орайда жергілікті ақпарат құралдарының атқарылар істермен халықты уақтылы хабардар етіп отыруы аса маңызды. Осыны қолға алыңыздар. Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы ауылдық жерлерде нақты көрініс табуы керек, - деді облыс басшысы.6

Мұнан кейін өңір тұрғындары үшін «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне баруды ұйымдастыру мәселелері сөз болды.
- Елордамыздағы «ЭКСПО» көрмесінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Көрмені тамашалауға өңірімізден облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдерін арнайы жібердік. Ондағы мақсат іс басындағы адамдар көрменің пайдасын, ұйымдастырылу деңгейін, бағыттарын өз көздерімен көрсін деген ой болды. Ендігі кезекте олар тиісінше насихат жұмыстарын және көрмеге барғысы келгендердің жолсапарын ұйымдастыру мәселелерін жүйелі түрде жүзеге асырулары керек, - деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов аталмыш бағыттағы жұмыстар Қаратөбе, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында жақсы жолға қойылса, Орал қаласы бойынша, сондай-ақ Жәнібек, Теректі аудандарында баяу жүріп жатқанын мәлімдеді. Игорь Стексов «ЭКСПО» көрмесіне сапар кезінде, әсіресе, жас балалардың қауіпсіздігіне аса жоғары мән берілу керектігін баса айтты.
- «ЭКСПО 2017» көрмесін аяқтай барып, көзбен көргенде ғана аталмыш көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсатты терең ұғынуға болады деп ойлаймын. Ең алғаш 1851 жылы Лондонда ұйымдастырылып, кейін Париж, қайтадан Лондон, содан кейін Вена, әлемнің тағы басқа атақты қалаларында жалғасын тауып келген «ЭКСПО" орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған шығар. Астана төрінде өтіп жатқан, 100-ден аса мемлекет қатысып отырған аталмыш көрмені бір күнде түгел аралап шығу оңай емес. Көрмедегі оқушылар мен студенттердің танымын арттыру бағытында ұйымдастырылған шаралар, шын мәнінде, аса қажетті дүниелер. Мысалы, Германия павильонын қараған кезде қабырғаға орнатылған экран арқылы ақылды қала, ақылды үй жобаларының таңғажайып жетістіктерімен таныс болдық. Ғылымның осындай озық жетістіктерін балалар әлемдегі дамыған елдердің қаншалықты алға жылжып кеткенін бағамдап, туған мемлекетінің аталмыш бағыттағы игіліктерді игеру бағытында туғызып отырған жағдайын айқын сезінеріне күмән жоқ, - деді көрмені тамашалап келген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев.

Облыс әкімі басқарма басшыларына «ЭКСПОны» тамашалағысы келген өңір тұрғындарына қолайлы жағдай туғызуды жүйелі ұйымдастыру, әсіресе, әлеуметтік тұрғыда осал топтағы адамдарға қолдау білдіру керектігін тапсырды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале