Ақжайық ауданының Бударин ауылдық округінде оқушылардың «Менің Отаным-Қазақстан!» атты туристік экспедициясы аясында жаяу туризмнен облыстық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
4 күнге созылатын жарысқа облыс орталығынан, бірнеше ауданнан, барлығы 13 команда қатысуда. Аудандық туризм және экология орталығының директоры Максим Үмбеталиев меймандарға жылы лебізін арнап, қауіпсіздік шараларын барынша сақтауды еске салды.
Мұнда 14-17 жас аралығындағы балғындар «Құтқару жұмыстары», «Жорық», «Жеке қашықтық», «Спорттық бағадарлау» сынды сындардан өту барысында жалпы ұзындығы 17 шақырымды жүріп өтеді. Жолда түрлі кедергілер ұйымдастырылып, қажет кезде жетекшілердің өздері де тапсырма орындауына тура келеді. Бұл туралы мәлімдеген облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы туризм бөлімінің басшысы Кәмшат Ниеталиева қатысушыларды турнирдің ашылуымен құттықтады.
Мұндай жарыстың облыс бойынша 56-шы рет өтіп отырғанын айта келіп, туризм саласын одан әрі өрістетуде атқарылар істерді тілге тиек етті. Мысалы, осы сайыстардан жеңімпаз болғандар жекелей немесе командамен облыстық құрамаға қабылданады. Сонымен қатар жүзден жүйрік шыққандар жақын арада Ақтөбе облысында жалауын желбірететін республикалық туризм турниріне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Кәмшат Ыдырысқызының айтуынша, туризм облыс орталығымен қатар Тасқала, Ақжайық, Зеленов, Жәнібек аудандарында да жақсы дамыған. Басқа аудандарда бұл тіптен кенже қалған деуге келмес, дегенмен балалардың демалыс уақытында осындай саламатты өмір салтын насихаттайтын қызықты турнирлерді өткізуде белсенділік танытса, нұр үстіне нұр.
Бекболат ҚАЛЕНОВ
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz