Бұл жайлы Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов фейсбуктегі парақшасында жазды. Постта «Ауылды үлкен жаңалық күтіп тұр! Қазақстанда бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді» делінген. Жазба еш өзгеріссіз алынды:
Биылдан бастап «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, нәтижесінде өзін-өзі басқару жүйесі түбегейлі жаңартылатын болады. Атап айтқанда, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтардың дербес бюджеті мен коммуналды меншігі пайда болмақ. Өзін-өзі басқаруды дамыту «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары аясында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырманың бірі.
Нақты не істелмек?
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғындар саны 2 мың адамнан асатын ауылдардың өз бюджеті болады. Бұл еліміздегі 1066 ауыл. Ал 2020 жылдан бастап барлық 2444 елді-мекен дербес бюджетін құрып, оны өздері басқаруға мүмкіндік алады. Ал қаржының жұмсалуын ауыл тұрғындарының өздері қадағалайтын болады.
Бұл не береді?
Біріншіден – жеделдік. Ауыл әкімі бұрынғыдай ауданнан қаржы күтіп отырмайды.
Екіншіден – ашықтық. Ауыл әкімі жергілікті тұрғындардан құралған Кеңестің келісімінсіз бір тиын да жұмсай алмайды.
Үшіншіден – тиімділік. Ауыл тұрғындары шешімін таппай жатқан көкейкесті мәселелерін өзгелерден жақсы біледі. Демек, ауыл зиялысының үні естілетін болады. Дана халқымыз «Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең. Ауыл сырты төбе болса, ерттеп қойған атпен тең» дейді. Енді ауыл әкімі қаржы бөлінетін кез-келген істе ауданға жалтақтамай, өз ауылының үлкендерімен, ақсақалдармен ақылдасып отырмақ. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту - нақты халық билігіне жол ашады.
zhaikpress.kz