23.01.2018, 15:18
Оқылды: 52

БҚО-дағы Талов ауылына ауыз су тартылады

Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев Жақсыбай, Талов және Борсы ауылдарында тұрғындар алдындағы есептік кездесуін өткізді.

Үш ауылда да бір жыл аралығында біраз жұмыстардың басы қайырылыпты. Мәселен, жақсыбайлық шаруагерлер «Береке», «Іскер», «Игілік» және «Сыбаға» бағдарламаларына сәйкес барлығы 9 млн. теңге несие алып, 55 бас мал бордақылауға қойса, ШҚ жетекшісі Мұхтар Бауеденов 6 миллион теңгеге 16 бас жылқы сатып алып, өсіруде.

Сол сияқты «Сания», «Байсал» шаруа қожалығы 23 миллион теңгеге 145 бас ірі қара сатып саудалап, мал басын көбейтуде.

Есепті кездесулерде аудан әкімі ауылдық округтер бойынша  алда атқарылатын бірқатар істерді баяндады. Соның ішінде биыл Жақсыбай ауылындағы М.Ықсанов атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге құжаттары жасақталуда, Талов ауылына ауыз су келмек, ал Борсы ауылындағы Тегісшіл елді мекеніне ұялы телефон байланысын орнату мақсатында тиісті операторлармен келісім жұмыстары жүргізілуде.

 Жиын барысында Жақсыбай ауылының тұрғындары Шамиль Досжанов, Еркін Дуйтов, Аманкелді Мұратов, Қадыржан Қажалаев ауылдағы дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу, Еңбек елді мекенімен екі ортадағы 14 шақырым далалық жолды Орал қаласына тікелей бару үшін грейдер етіп көтеру, шекара бекеті арқылы құрылыс материалдарын жеңілдікпен өткізу, ауыл әкімдігіндегі бос тұрған ғимаратты жөндеп, мекемелерге беру, ветеринариялық қызметті арттыру, көршілес  Ресейдің Новоузень қаласымен арақатынасты жандандыру туралы айтты.

Х.Халиуллин атындағы шекара заставасының бастығы Арман Ахмет Талов және  Малыйузень жеңілдетілген пунктіне күрделі жөндеу жүргізілсе деген тілегін жеткізді.

Сондай-ақ Талов ауылының тұрғындары Мәруаш Мұқатаева мен Валентина Досқалиева Майтүбек елді мекенінде су қорының аздық ететінін, сол сияқты Талов ауылына ауыз су келгенде Бобров су қоймасынан алынатын судың лас болуына байланысты су қоймасына мал кіргізуді тоқтату мақсатында  айналасын қоршау, тоғанды тазалау мәселесін баян етті.

Үш ауылдағы тұрғындардың тілек-ұсыныстарына ден қойған аудан әкімі Азамат Сафималиұлы бұл мәселелерді шешудің жолдарына айқын түсінік берді. Аудан басшысы, сондай-ақ Жақсыбай ауылының тұрғыны, 1-ші топ мүгедегі Миршат Дуйтовты «Рухы қайсар жан» аталымымен  марапаттаса, Талов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға су жаңа жедел жәрдем автокөлігінің кілтін табыс етті. Есепті кездесуге қатысқан аудандық соттың төрағасы Әсел Жамантаева бүгінгі таңдағы сот жүйесіндегі реформалар мен өзгерістер туралы баяндады.

                     Н.Жапақов

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале