Бұл туралы аудан әкімі Жанат Асантаев халық алдындағы есебі кезінде айтты.
- Бүгінгі таңда ауданда 22 елді мекеннің 10-ның халқы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 80,1% құрайды. Жергілікті жерде тұщы су көзі болмауына байланысты 2 елді мекенге (Үшағаш, Үшана) ауыз су тасымалдану арқылы жеткізіліп берілуде. Осы елді мекендерге Қаратөбе ауылындағы су көзінен Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана ауылдарына сумен қамту жүйесін өткізу жұмыстары жүргізілуде (жоба құны – 915,1 млн теңге). Құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2018 жылға жоспарланып отыр.
Аталған ауылдардың су құбыры құрылыс жұмыстары аяқталған соң, тұрғындардың орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуы 90%-ға жетеді деп жоспарлануда. Десек те, ауданда әлі күнге дейін таза ауыз сумен қамтылмаған елді мекендер бар екендігі мәлім. Соның ішінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Жусандой ауылы тұрғындарын таза ауыз сумен қамту үшін ЖСҚ жасақталып, қазіргі таңда кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өтуде, - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар аудан бойынша 18 елді мекенге көгілдір отын жеткізілген екен. Бұл аудандағы газдандырылуға жататын елді мекендердің 100 пайызын құрайды.
zhaikpress.kz
Суретті түсірген Айбатыр Нұраш