21.02.2018, 18:09
Оқылды: 51

Биыл БҚО-да су тапшылығы болуы мүмкін

Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша комиссияның кезекті отырысында айтылды.

Мамандар сондықтан көктемгі су тасқынын тиімді пайдаланып,  су қорын молырақ жинап алуымыз қажет екенін айтады.

-Сарыөзен мен Қараөзен бойынша Ресей мен Қазақстан арасындағы ортақ келісімшартқа сәйкес Ресей өз қоймаларындағы су қорының тең жартысын бізге тегін беруі керек. Күзде арнайы комиссия құрылып, көрші елдің су қоймаларындағы су қорын тексеріп келдік. 15 наурызда Орынбор қаласында өтетін комиссия отырысында көктемде түсетін суды өзендерімізге құйып алу туралы мәселе көтереміз. Үлкен өзенге су алсақ, Жалпақталдың су қоймалары арқылы үлкен өзендегі суды кіші өзенге беретін жағдайға жетеміз. -дейді  Жиырма жылдан астам аршылмаған Көшім каналының 42 шақырымын тазалау арқылы Киров қоймасына мол су қорын жинай аламыз,-деп атап өтті «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Н. Жұмағалиев.

Облыс аумағына су ресурстарының 80 пайызы көршілес Ресей елінен Жайық, Шаған, Қараөзен және Сарыөзен трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес Саратов облысы аумағындағы Қара Өзендегі су деңгейі Новоузенск қаласы гидробекетінде (759 см) тиісті мөлшерден (1025 см) 70 пайызға төмен. Сары Өзен Кіші Өзен ауылы гидробекетінде (198 см) тиісті мөлшерден (262 см) 26 пайызға төмен. Ал Жайық өзені бойынша болжам наурыз айында жасалмақ.

- Биыл Саратов және Волгоград облыстарының су шаруашылығы басқармаларымен арадағы келісімшартқа сәйкес  Қараөзен бойынша 32,600 млн текше метр су, Сарыөзен бойынша 32,600 млн текше метр су және Жәнібек жүйесі бойынша  25,4 млн текше метр су аламыз. Облысқа 1 млрд 964 млн теңгеге 90 млн  текше метр су алуға келісімшарт жасалды,-деді «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиев.

Жиында «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ директоры Қуат Мусиннің, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ БҚО филиалының директоры Марат Қуаншалиевтің, Орал қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мирболат Нұржановтың, Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровтың баяндамалары тыңдалды.

Жиынды қорытындылаған Алтай Сейдірұлы аудан әкімдері мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығына көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуді және ветеринария қызметімен бірлесіп, мал молаларын қадағалауға алуды, сонымен қатар шаруашылыққа пайдалану үшін көктемде келетін тасқын суды су қоймаларына жинап алуды тапсырды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Фото: Темірболат Тоқмамбетов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале