Ақжайық ауданында альпинизмнен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан альпинистері құрамасының жетекшісі, жерлесіміз Мақсот Жұмаевтың жүлдесі үшін тау туризмі техникасынан және спорттық шыңға өрмелеуден облыстың ашық біріншілігі өтті. Жарысқа Орал қаласы, Орал технологиялық колледжі, Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Зеленов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау және Ақжайық аудандарының командалары қатысты.
Мектеп оқушыларының туризмнен шеберліктері мен дайындық деңгейлерін көтеру, жаттықтырушылар мен спортшылардын біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, саламатты өмір салтын және шыңға өрмелеу спортын насихаттауды мақсат тұтқан шарада командалар мүшелеріне қазақстандық спортшылардың, басқа сала саңлақтарының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері кеңінен әңгімеленді. Тауды сүйген, биіктікті сүйген әлемдегі мұзбалақтардың арасында жерлесіміз Мақсот Жұмаевтың болуы – қазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Ол әлемдегі барлық 14 сегізмыңдық шыңды бағындырған тұңғыш қазақ жігіті. М.Жұмаев 1977 жылы Теректі ауданында дүниеге келген. Мектеп есігін Чапаевта ашқан.
Аталған шараға жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады. Ауданда тау туризмінен бұған дейін де айтулы жарыстар ұйымдастырылды. Соның бәрі балалар мен жасөспірімдер туризмі жөнінде жақсы тәжірибе әкелді. Осыны одан әрі жетілдіруде бұл біріншіліктің маңызы зор екенін аудан басшысы атап көрсетті.
Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының орынбасары Айгүл Адилова мен ақжайықтық ардагер ұстаз, журналист Бақтығали Қоспаев командаларға сәттілік тіледі.
Тау туризмі және спорттық шыңға өрмелеу жарысы Ақжайық ауданында бірінші рет өтуде. 8 метр биіктікке өрмелеуден жас ерекшеліктеріне қарай балалар, жасөспірімдер және ересектер топтары болып, 140 адам жарысқа қатысты. Спорттық шыңға өрмелеуден командалар жылдамдыққа және қиындыққа бағын сынады. Сондай-ақ жеке қашықтық (командалардан әр адам өзінің жеке сынағы үшін шығады), байлам қашықтық (бір-біріне көмек көрсете отырып, 2 адам қатысады), командалық қашықтықта (жартаста құтқару жұмысын жасау) топтар барын салып өнер көрсетті.
Жарыстың қорытындысы бойынша, балалар тобы арасында І орынды Ақжайық ауданынан Тайпақ ауылы, ІІ орынды Жәнібек ауданы, ІІІ орынды Ақжайық ауданынан С.Ошанов атындағы орта мектеп иеленді. Жасөспірімдер тобы арасында І орынды Жәнібек, ІІ орынды Ақжайық, ІІІ орынды Тасқала ауданы еншіледі. Ересектер тобы арасында І орынды облыстық туризм орталығы, ІІ орынды Теректі ауданы, ІІІ орынды Орал технологиялық колледжі алды.
Аудандық балалар мен жасөспірімдер туризм орталығының директоры Максим Үмбеталиев, аудандық білім бөлімінің басшысының орынбасары Уәлихан Малдыбаев, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының туризм бөлімінің меңгерушісі Кәмшат Металиева жүлдегерлерге дипломдар, медальдар мен кубоктар және ақшалай сыйлықтар табыстады.
Нұрхат МАҒЗОМОВ
Ақжайық ауданы