24.07.2018, 16:21
Оқылды: 407

Бөкейорда тарихи-музей кешеніне қатысты жаңа жоба бар  

 

Bokeiorda muzei kesheniБиылғы жаз айларында «Қазақстанның 100 киелі жері» республикалық тізіміне еңген Бөкей ордасы ауданындағы Хан Ордасы ауылындағы тарихи-музей кешені мен үш мавзолейден тұратын пантеонды екі мыңнан астам адам келіп көрді. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.


 

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың  айтуынша, демалуға келушілерге 16400 гектар жерді алып жатқан қарағайлы орманның, құмның емдік қасиеттерін пайдалануға жағдай жасалуы керек. Сонымен қатар спорттық және сервистік қызмет көрсету нысандарын, этноауыл салу да - ойдағы шаруа. Тарихи-музей кешенінің басшылығымен бірге құны 2 млрд. 400 млн. теңгені құрайтын жоба-жоспар жасақталған. «Бұл жоба қаржының шешілуіне қарай іске асырылады», - деді Нұрлан Сағынтайұлы.

Алдағы уақытта ауданға қарай жаңа жол салынса, тарихи әрі киелі орынға туристердің ағылары анық. Сондықтан сервистік қызмет көрсету нысандарын салу мәселесі де аудан басшылығының назарында. «Бұдан екі-үш жыл бұрын бірде бір кафе жоқ-тұғын. Қазір екі кафе, шағын қонақ үй жұмыс істейді. Тұрғындарды сервистік қызмет көрсету нысандарын, қонақ үй, қоғамдық тамақтандыру орындарын ашуға тарту бағытында жұмыстанудамыз», - деді Н.Рақымжанов.

Сондай-ақ ауданда әуежай құрылысын салу жұмыстарына дайындық жүруде. Аудан әкімі тиісті жер телімі бөлінгенін айтты. «Әуежай тек  Сайхында емес, сонымен қатар Хан ордасы ауылында да салынады. Бұл мәселемен облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы айналысуда. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Алдағы уақытта әуежай құрылысы жобасы жұзеге асырылады, -деді Нұрлан Сағынтайұлы.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале