Орал қаласында облыстық «Алтын дала - 2018» туристтік сайысы өтті. Жарысқа өңір аудандарының командалары белесене қатысты.
Үш күнге созылған жас туристер бәсекесінің көркін қыздырған зеленовтық өрендер әдеттегідей жақсы нәтиже көрсетті. Белес мектебінде оқитын Тимур Сыдықов, Эльвина Оңғарова, Исламбек Имақанов, Анастасия Чиркова, Дархан Маемир, Ерасыл Жолдығали, Айзар Гумбатов сияқты спортшылардан құралған команда алдымен, «Таныстыру» сынында үздік нәтиже көрсетсе, командалық кросс саяхатта, туристтік техника сайысында және командалық эстафетада екінші нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ байлам қашықтығына шыққан Тимур Сыдықов пен Эльвина Оңғарова алдарына жан салмады.
Спортшыларды баптап, жарысқа апарған аудандық жас туристер стансасының педагогы Қанаған Белгиев:
-Шәкірттерім жақсы нәтиже көрсетті. Бұндай байрақты бәсекеде жүлдегер атану үлкен еңбекті талап етеді. Аудан ұжымы жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді. Бұл да жақсы көрсеткіш,- дейді.
Түгелбай БИСЕН,
Зеленов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!