25.10.2018, 18:23
Оқылды: 52

Бөрлі командасы - волейболдан облыс чемпионы (сурет)

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған волейболдан ерлер командалары арасындағы Батыс Қазақстан облысы чемпионатының шешуші тур ойындары аяқталды. Зеленов ауданындағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінде өткен әуе доп шеберлерінің тартысы екі күнге созылды.

IMG_2602

Жарыстың алғашқы күні екі топқа бөлінген командалар жартылай финал жолдамаларын сарапқа салды. Қызықты ойындар нәтижесінде Зеленов, Ақжайық, Бөрлі және Қазталов аудандарының командалары екінші тур жүлделерін сарапқа салуға мүмкіндік алды.

Финалға берілер жолдама таласын Бөрлі мен Казталов командалары бастады. Тартысты ойын қорытындысында 2:1 есебімен бөрлілік жігіттер жеңіске жетсе, екінші жұпты құраған Ақжайық ауданы мен алаң иелерінің ойыны екінші турдың сәнін кіргізді. Үш сетке созылған ойын көременнің де ойыншылардың да делебесін қоздырды. Өліспей беріспеген командалар ойынының нәтижесінде 2:1 есебімен зеленовтық жігіттер жеңді.

Осылайша, жартылай финал ойындары аяқталып, жеңіліс тапқан Қазталов пен Ақжайық аудандарының  командалары үшінші орын жүлдесіне таласты. Қорытындысында көрермен қошеметіне ие болған Ақжайық ауданының командасы жеңісті жұлып алды.

Тур жеңімпазы атағын Бөрлі мен Зеленов командалары сарапқа салды. Алаң иелері өз көрермені алдында ұятқа қалғысы келмесе, бөрлілік жігіттер жеңсе облыс чемпионы атанатынын жақсы біледі. Сондықтан болар, ойыншылар өз-өздерін жігерлендіріп, ойынға беріле кіріскен. Ойыншылар артық қимылға бармай, әр допқа үлкен жауапкершілікпен қараса, көрермен тым-тырыс ара-тұра сүйікті командасын жігерлендіргендей қиқулай жөнеледі де қайта басылады.

Көрерменнің де ойыншылардың да жүйкесіне жүк түсірген финалдық ойын қорытындысында жеңіске деген жігер танытқан Бөрлі командасы тур жеңімпазы атанды.

Жарыстың жабылу салтанатында үздік ойыншылар анықталды. Командасын алға сүйреп, үздік өнер көрсете білген ақжайықтық Данияр Бакишев «Үздік шабуылшы», қазталовтық Ерсін Бекқалиев «Үздік қорғаушы», зеленовтық Алпамыс Сабырғалиев «Үздік байланыстырушы», жаңақалық Еламан Рахимов «Үздік тосқауыл қоюшы» аталымдарын иеленсе, Бөрлі командасының жеңіске жетуіне өзіндік үлесін қосқан Руслан Қуанов «Үздік ойыншы» атанды.

Осылайша екі турға созылған волейбол ойындарының қорытындысында Қазталов командасы облыс чемпионатының қола жүлдесін, Жаңақала командасы күміс жүлдесін иеленсе,  Бөрлі командасына чемпион атағы берілді.

IMG_2604 IMG_2636

IMG_2644 IMG_4067 IMG_4088 IMG_4090 IMG_4100 IMG_4135

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале