1.11.2018, 10:42
Оқылды: 45

Оралда бес мектеп арасында «Бестік одақ» меморандумына қол қойылды

Облыстық дарынды балаларға арналған мектептер мен Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі арасындағы «Бестік одақ» ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

5ad000ce-9b14-4f93-90a2-10a18e0f1ec8 (1)

Одақ мүшелері қатарында дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені, Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебі, Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-лицей-интернаты, Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты бар.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында зияткерлік мектептердің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екенін айтты. Өңірде зияткерлік мектеп тәжірибесін тарату жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Облыс мектептері мұғалімдеріне арналған семинарлар, директорлардың тағылымдамасы, кітапхана, психолог мамандарға өткізілетін шеберлік сағаттары осыған дәлел. 2016 жылдан бастап облыс мектептерінің 47 директоры тағылымдамадан өтсе, аудандарда 7 көшпелі семинар ұйымдастырылды. Сонымен қатар зияткерлік мектеп педагогтары жүйелік-әдістемелік кешен үшін 400-ден аса материал дайындады.

         Жаңадан құрылған одақтың негізгі бағыты да Елбасы жолдауынан туындаған міндетке негізделген. Одақ құрамындағы бес оқу орны зияткерлік мектеп жүйесін өз мектептеріне енгізуде. Оның ішінде оқытудың әдістері, әлеуметтік жобалар бар. Яғни, біздің мақсатымыз - облысымыздағы үздік мектептермен бірлесіп, зияткерлік мектеп тәжірибесін тарату жұмыстарын әрі қарай жүйелі, табысты жалғастыру.

         «Бестік одақ» бес бағытта жұмыс істейтін болады. Олардың қатарында оқушылардың академиялық, шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал ету, ата-аналармен бірлесіп жұмыстану, мұғалімдер мен әкімшілік қызметтегі мамандардың кәсіби дамуына жәрдемдесу бағытындағы іс-шаралар бар. Барша әріптестеріме сәттілік тілеп, одақ жұмысы табысты болсын дегім келеді, - деді Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерік мектебінің директоры Тимур Нұркешов.
Салтанатты рәсімнен соң Педагогикалық шеберлік орталығы мамандарының ұйымдастыруымен мектептерде ынтымақтастық орта құру тақырыбында семинар өтті.

Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі баспасөз қызметі

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале