«Тұтынып отырған ауыз суымыздың дәмі кермек. Ащылау!» деді Шағырлой ауылының тұрғындары Сарой ауылдық округінің орталығындағы кездесуде. Тұрғындар айтса айтқандай, су ащы екен. Ащы болатын себебі, тұщытқыш дұрыс жұмыс жасамай тұрған көрінеді. Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев «Сырым» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы Руслан Тасқалиевке мәселе бойынша жұмыстануды, мүмкіндігінше судың сапасын жақсартуды тапсырды.
Шағырлой және Көздіғара елді мекендерінде болған кездесулерде әуелі округ әкімі Айбол Жакиев хабарлама жасады. Айбол Кәрімоллаұлы өзінің сөзінде, округтің әлеуметтік – экономикалық ахуалы қалыпты екенін, ауылда жылқы шаруашылығы жақсы дамып келе жатқанын айтты.
Саройлықтар биыл Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы аясында округ орталығынан үлкен спорт алаңының құрылысын бастаған. Бұдан бөлек, өткен оқу жылының аяғында жергілікті Абай мектебінің түлектері туған мектептеріне оқу – жаттығу жұмыстарына қажетті жабдықтар сыйлаған еді. Демеушілер келесі жылы А. Шайхиев атындағы саябақтың да құрылысына кіріспек.
Биыл Көздіғара ауылында да бірқатар мәселе шешімін тапқан. Ауыл мектебінің ауласы тегістеліп, бұрынғы спорттық залдың гимнастикалық залға бейімдеу жұмыстары да аяқталыпты. Жаңа залға көздіғаралықтар да «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында спорттық жабдықтар сыйлаған. Олардың ішінде ауыл мұғалімдері ерекше үлес қосыпты. Бұл ауыл жаңағы бағдарлама аясында клубтың да құрылысын бастаған еді. Құрылысты аяқтау – ауылдың алдағы жоспарларының бірі болып отыр.
Көздіғара ауылындағы өзекті деген мәселелердің дені ауыл мектебінің айналасында. Бірінші мәселе, негізгі мектептің оқушы санының азаюы. Екінші мәселе, мектептегі парталар мен орындықтар ескірген, жаңартуды қажет етеді. Аудан басшысы әсіресе, мектептегі оқушылардың санын төмендетіп алмау бойынша көздіғаралықтарды бірлесіп жұмыстануға шақырды.
Шағырлой ауылының сыртындағы Аша бөгетін қайтадан бөгеу, көшелерді жарықтандыру, электр трансформаторды жөндеу, бұралқы иттерді жою сияқты ұсыныстардан бөлек, Көздіғара ауылындағы әлеуметтік нысандардың біріне қызметтік көлік керек. Тұрғындар осындай ұсыныс айтуда.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!