8.11.2018, 11:30
Оқылды: 44

Ардагерлер Сарыөзен жағасында бас қосты

 

Kaztalov ardagerler (2)Бостандық Мәдениет үйінде ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Бастауыш ұйымдар – ардагерлер қозғалысының негізгі тірегі» атты көшпелі семинар-кеңес оздырылды. Семинар-кеңеске аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, ауылдық округ әкімдері мен бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары қатысты.


 

Семинарға қатысушылар қоғам қайраткері Қабира Салықованың бюстіне гүл шоқтарын қойып, мектептің музейін аралап, жәдігерлер тарихымен танысты.

Басқосуда Бостандық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Серікбай Жапақов ардагерлер ұйымының жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Ауылдағы 192 ардагердің 28-і бастауыш ардагерлер ұйымына мүше. Ұйым мүшелері ауылдағы өзекті мәселелерді шешу жолында жұмыстанып келеді. Тәуелсіздіктің 10 жылдығында құрылған «Асыл әжелер» ансамблі түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп, ауыл жастарына өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, түрлі тәрбиелік маңызы зор кездесулер өткізіп тұрады. Сонымен қатар ауылда алтын, гауһар тойларды атап өту де дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді.

Kaztalov ardagerler (1)Өздерінің жасының үлкендігіне қарамай, шаруа қожалықтарын дөңгелетіп отырған ардагерлер де бар. Олар жаз мезгілінде тұрмысы төмен отбасыларға  жем-шөпті жеткізіп беріп, көмектерін көрсетіп келеді.

Сонымен қатар «Ардагерлер туралы» Заңның болмауы кейбір мәселелердің шешілуіне қиындықтар келтіретінін де айтып өтті.

Семинарда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов қайырымдылық айлығының қорытындысы туралы және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева қоғамдық ұйымдармен атқарлып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ Жалпақтал аудандық ауруханасының директоры Алмас Тоғайбайұлы мен Қазталов орталық аурухананың терапевт дәрігері Диана Хабилова ардагерлерді медицинамен қамту туралы айтып өтті.

Kaztalov ardagerler (3)Семинарда ардагерлер ауданда дәрігерлердің жетіспейтіндігі себепті емделу барысында туындап отырған қиындықтарды тілге тиек етті. Сонымен қатар ауыл іргесіндегі Еділбай сорынан шипажай ашылса, ардагерлердің арнайы есепшоты болса, ұзақ өмір сүру орталығы ашылса деген ұсыныстарын жеткізді.

Семинар соңы «Асыл әжелер» ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласып, қоңыр күздің жайма-шуақ күнінде Бостандық ауылына жиналған ардагерлердің көңілдері бір көтеріліп қалды.

Гауһар ӘДІЛЖАН

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале