«Текті сөздің төресі – терме» атты жыршы-термешілердің республикалық байқауынан жеңіспен оралған Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі Күлаш Қуанышқалиеваны әріптестері құшақ гүлмен поездан күтіп алды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысы Тараз қаласында өткен байқауға Күләш Қуанышқалиева «Дала рухы» атты термесімен бақ сынапты. Терменің сөзін жазған белгілі ақын, өнер жанашыры - Дариға Мұштанова. Біз ерекше көңіл-күймен, поездан түскен әншіні әңгімеге тарттық.
-«Текті сөздің төресі-терме» атты байқау осымен төртінші рет ұйымдастырылды. Бұдан бұрын өзімнің әріптес інілерім Армат Исламғалиев, Фархат Оразов та осы байқаудан жүлделі оралып еді. Бұл байқауда әр облыстан 18 үміткер бақ сынадық. Мықты жыршылардың ортасына түскендіктен, бірінші орын алам деп ойламаған едім. Өте қуаныштымын! Маған тілеулес боп жүретін Жайық жұртшылығына ризашылығым шексіз, -дейді әнші бізбен қысқа әңгімесінде.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
суретті түсірген Динара КИНДЕРБАЕВА
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!