15.11.2018, 17:37
Оқылды: 264

Асхат Маемиров Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалды

         Мемлекет басшысының Өкімімен Асхат Максимұлы Маемиров Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметіне тағайындалды.

askhat

Асхат Максимұлы Маемиров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі.
2008 жылы Сорбона университетінің магистратурасында білім алып, Франциядағы Париж Ұлттық драма өнері консерваториясында тағылымдамадан өтті.
2010 жылы Мәскеудің атақты жоғарғы оқу орны ГИТИС-те - Ресей театр өнері академиясында «Режиссура магистрі» ғылыми атағын алды.
2015 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының докторантурасын тәмамдап, «Қазақстанның театр режиссурасы: сабақтастық пен жаңашылдық (1991-2015 жж.)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, «Философия докторы» ғылыми дәрежесіне ие болды.
Еңбек жолын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында режиссер болып бастады.
Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінде «Актерлік өнер» бөлімінің меңгерушісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің деканы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасының доценті болды.
Отандық мәдениеттің қазіргі заманғы үздік арт-менеджерлері қатарына кіреді. Еліміздің мәдениет пен өнер саласындағы белгілі ұйымдар – «Қазақстанның рухани қоры» АҚ, «Қазақ әуендері» АҚ жетекшілік етті.
2017 жылы қазақстандық мәдениеттің көш басындағы ең ірі музыкалық ұжымдардың бірі – «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерттік ұйымын басқарды. Елордалық «Астана мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі және Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті болып табылады.
Асхат Маемиров Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қара шекпен» (Г. Хугаев), М.Әуезов атындағы театрда «Қоштасқым келмейді» (А.Володин), «Ұлым саған айтам...» (Б.Беделхан) атты спектакльдердің, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында С.Мұхамеджанвтың «Айсұлу» операсы, «Астана Опера» театрында «Қызжібек» операсын сахналауға ат салысты. Сонымен бірге «Ромео мен Джульетта» (Ж.Пресгурвик), «Қыз Жібек» (Е.Брусиловский), «Астана» (Б.Ғафу, А.Оренбургский) атты қазақстандық мюзиклдердің қоюшы режиссері ретінде танылды.
Белгілі қазақстандық режиссер Қазақстанның театр өнерін бірнеше рет Халықаралық сахналарда таныстырды. Австрия, Бельгия, Германия, Израиль, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Армения, Грузия, Польша, Чехия және т.б. мемлекеттерде өткізілген театр фестивальдерінде, симпозиумдар мен форумдарға қатысты. 2009 жылы Қазақстан сахна өнерінің тарихында тұңғыш рет Нью-Йорк қаласында өткен М.Чехов атындағы І Халықаралық театр фестивалінде «Зоопарктегі оқиға» спектаклімен (реж.А.Маемиров) лауреат атанды (АҚШ). 2017 жылы оның «Ақтастағы Ахико» атты спектаклі (реж.А.Маемиров) Токио қаласында (Жапония) қойылды. Өткен жылдың соңында «Ұлы Дала театры» атты еуропалық турне шеңберінде «Қыз Жібек» мюзиклін (реж.А.Маемиров) әлемнің бес астанасы – Брюссель, Париж, Вена, Берлин және Мәскеу қалаларының көрермендері ерекше ықыласпен қабылдады.
Сонымен қатар елімізде тұңғыш рет өткізілген және әрі қарай дәстүрлі жалғастығын тауып жатқан дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің, Қ.Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің республикалық форум-фестивалінің, «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығы-фестивалінің арт-директоры.
ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институтының Қазақстандағы жұмысын жүргізу мәртебесіне ие - мемлекетіміздің театр ұжымдарының басын біріктіретін Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале