28.11.2018, 16:55
Оқылды: 61

Оралда «QDigitalInform» семинары өтуде

Орал қаласындағы Оқушылар сарайында Қазақ тілді БАҚ-ты ілгерілету және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дәріптеу жобасы аясында «QDigitalInform» семинары өтуде.

cifr (1)

«Коммуникативтік бастамалар мен стратегиялар қоры» жеке қорының ұйымдастыруымен өткен жиынға ЖОО және арнайы мамандандырылған оқу орындарының студенттері, әсіресе болашақ ІТ мамандар мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Қазақ тілді БАҚ-ты ілгерілету және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын дәріптеу жобасы болашақ IT мамандар, заңгерлер, мемлекеттік қызметкерлер, менеджерлер, әсіресе, солардың ішіндегі қазақ тілді жастар цифрлық технологияларды кеңінен меңгерсін деген ниетпен қолға алынған. Аталмыш жоба еліміздің жеті аймағына қанатқақты тәртіпте енгізілген. Атап айтқанда Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент, Қызылорда, Орал, Ақтау қалаларында жүзеге асырылуда. Жоба модераторы Әлішер Тұрсынның мәлімдеуінше, 2016 жылғы статистикалық мәлімет бойынша еліміздегі тұрғындардың 67 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Ал қазіргі уақытта арнайы есептеу жүргізілмегенімен, бұл көрсеткішті біршама өскен деп айтуға болады. Сол жылғы ресми статистика бойынша елімізде 9 414 сайт жұмыс істесе, оның 80-90 пайызы қызметін орыс тілінде жүргізген. Осыдан «қазақ тілді жастар жаңа технологиядан қалыс қалмауы керек» деген ой туады. Яғни орыс тілі мен ағылшын тілін білмегеннің цифрлық сауаттылығы жоғары деп айту қиын. Аталған жобаның негізгі мақсаты да осы олқылықтың орнын толтыру болып отыр.

- Біздің үш әріптесіміз бар. Олар - Жас қазақ, 365info.kz және caravan.kz сайттары. Бұл сайттарда цифрлық технологиялар бойынша қазақ тілінде көптеген мәліметтер, мақалалар жариялануда. Сондай-ақ өзіміздің, яғни «Коммуникативтік бастамалар мен стратегиялар қорының» ресми сайты да бар. Онда дәл осы цифрлық сауаттылық тақырыбында маусым айынан бастап бүгінгі күнге дейін елуден астам мақала жарық көрді, - дейді Әлішер Әбдімәлікұлы.

Екі күндік семинар аясында 300-дей студент «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, электронды құжат айналымы және Блокчейн технологиясы туралы дәріс тыңдамақ.

Нұртас САФУЛЛИН,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале