Тәуелсіздік күні қарсаңында Орал қаласы Зашаған кентінде 180 пәтерлі, 9 қабатты үй пайдалануға берілді.
«Болашақ-Т» ЖШС құрылысты былтыр қыркүйек айында бастады. Үйді салуға ҚР Ұлттық қорынан, республикалық және жергілікті бюджеттен 1,4 млрд. теңге қаражат бөлінді. 180 пәтер үй кезегінде тұрғандарға берілмек. Пәтерлердің жалпы ауданы – 10 186 мың шаршы метр.
– Ертең – ең қастерлі мереке, ата-баба аңсаған Тәуелсіздік күні. Біз бейбіт заманда өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақпыз. Баспанаға оңтайлы қол жеткізу мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Биыл 3500 отбасыға пәтер дайындап жатырмыз. Жаңа ғана пәтер кілтін алып жатқан бір кейуана 16 жыл бойы баспананы алу кезегін күткенін айтты. Қоныстой сәтін сарыла күткендер бүгін айрықша қуанышты. Елбасы халықты баспанмен қамтамасыз етуге көңіл бөлуде. Орал қаласының инфрақұрылымы жыл сайын дамып келеді. Еліміз аман, Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын, – деді пәтер кілттерін тұрғындарға табыстаған облыс әкімі Алтай Көлгінов. Пәтер иелері атынан көп балалы ана, зейнеткер Бақытылы Сапарова сөйлеп, құрылысшыларға ризашылығын жеткізді.
2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыстағы тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 17,2 млрд. теңге қарастырылды. Осы қаражаттан үйлерді тұрғызуға бөлінгені – 13,5 млрд. теңге
Биыл 6 көпқабатты тұрғын үй (688 пәтер) және ауылдық елді мекенде 83 тұрғын үй (139 пәтер), сонымен бірге 19 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандары (62,3 шақырым)пайдалануға берілуде.
Оның ішінде облигациялық қарыз есебінен салынатын «Тұрғынүйқұрылысжинақ банк» АҚ салымшыларына 2 үй (210 пәтер), жергілікті атқарушы орган есебінде үй алу кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға 1 үй (180 пәтер), баспанасы апатты жағдайдағы тұрғындарға 3 үй (298 пәтер), ауылдық елді мекендердегі 83 тұрғын үй бар.
Нұртай Текебаев,
суреттерді түсірген автор
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер
Оралда мереке қарсаңында жаңа 180 пәтер берілді