25.02.2019, 13:02
Оқылды: 13

Оралда кәсіпкер көп балалы анаға пәтер сыйлады

«Мейірімді көктем» жобасы аясында оралдық кәсіпкер көп балалы анаға пәтер сыйлады. Жомарт жүрек демеуші – «Қаз-Хол» ЖШС-ның құрылтайшысы Тимур Амин. Оның айтуынша, аталған компания 2006 жылдан бері Орал қаласында құрылыс жұмысымен айналысады. Жақында Құрманғазы 198 мекенжайы бойынша жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында тұрғызылған көп қабатты үйді пайдалануға берді. Облыс әкімдігі ұсынысын қабыл алған кәсіпкер осы үйден Манар Бүркітоваға үш бөлмелі пәтер сыйлауға бел буыпты.

IMG_2001

–Жеті баланы бағып отырған отбасыға беріліп жатқан үш бөлмелі пәтердің аумағы – 90 шаршы метр. Газ, су, электр жүйесімен толық қамтылды. Одан бөлек асүйі бар,– деді Тимур Амин алтын алқа иесі Манар Бүркітоваға пәтер кілтін табыстаған соң.

Орал қаласында Манар Кеңесқызы 16 жылдан бері пәтер жалдап келеді. Үш ұл, төрт қыз тәрбиелеуде. Олардың алтауы №46 мектепте оқиды екен. Кенжесі – үш жастағы сәби. Үш жыл бұрын үй кезегіне тіркелген. Негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, алтын алқа иесі ІІ топ мүгедек санатына жататын қызының күтімімен отыр. Отбасында жолдасы Ержан Бүркітов қана жұмыс істеп, нәпақа табады.

– Қуаныш әсерінен өң мен түс аралығында тұрғандай күй кешудемін. Қазақ елінің болашағы ретінде есептелетін балаларымды адал азамат етіп тәрбиелеуге уәде беремін. Шарапаты тиер деп алтын алқамды сақтап жүр едім. Ауыртпалық артында игілік бар екен. Жомарт жүрек азамат бақытты болсын,– деді көзіне жас алған Манар Бүркітова.

«Қаз-Хол» ЖШС-ның құрылтайшысы Тимур Амин бұған дейін де қайырымдылық жұмысымен айналысқан. Бірнеше спортшыға тегін пәтер алуға демеушілік жасаған.

IMG_2057 IMG_2062 IMG_2067

Нұртай Алтайұлы,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале